Маңғыстау өлкесінде Ұлыстың ұлы күні қалалар мен аудандар аумағында, шалғай ауылдар мен елді мекендерде кең көлемде аталып өтіп, дүбірлі думанға ұласты. Теңіз жағалай тігілген ақшаңқан үйлер ақмаржан Ақтау шаһарының ажарын айшықтап, тегі бір, тарихы тамырлас тұтас түркі жұртына ортақ Наурыз мейрамы қазақ халқының мейманасын тасытып, рухы мен айбынын асыра түскендей еді. Мемлекет басшысының шешіміне сәйкес биыл Наурызнама онкүндігі бекітіліп, Амал – Көрісу күнінен бастау алған ұлы думан қазақ халқының рухани бітімі мен жаратылысын айқындайтын ізгі-адамгершілік құндылықтарды ұлықтауға ұласқан еді.
Ақтау қаласында әз-Наурыз мейрамына орай арнайы театрландырылған қойылымдар мен концерттік бағдарламалар көрерменге ұсынылды. Ең алдымен сән-салтанаты жарасым тапқан қазыналы қариялар мен ақылман ақсақалдар көші, сәні мен салтанаты жарасым тапқан сал-серілер мен биязы бозбала, бұрымды бойжетендер көші, жорға мінген сыралғы мергендер мен бес қаруын асынып, жолбарыстай жаранған батырлар көші лек-легімен жүріп өтті. Қарт Каспий жағалауындағы Амфитеатр сахнасында ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты дәріптеуді мақсат тұтқан мерекелік іс-шара көрермен назарына ұсынылды.
Алдымен Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев сөз сөйлеп, Наурыз мейрамын кең көлемде атап өту ата-баба дәстүрін жалғау әрі тарихи жадымызды жаңғыртудың жасампаз көрінісі екенін атап өтті. Ол өз сөзінде бағзыдан бүгінге мирас боп жеткен салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты ұлықтаудың, сондай-ақ ұлттық сананы рухани жаңғырту екпін алған тұста іргелі адамгершілік құндылықтарды тұрмыс салтымызға енгізудің айрықша маңызына тоқталды. Шынтуайтында, Атырау өлкесінде өткен Ұлттық құрылтайда ел ертеңіне алаңдаулы алқалы топтың астарлы ойы түптеп келгенде ұлт дербестігінің дәйекті дәлелі ретінде салт-дәстүрімізді дәріптеу үрдісін үдете түсуге үндейді. Халықтың рухани кемелденуіне айқын бағыт нұсқайтын көшелі жиынның көздегені сана биігіндегі елдік пен мемлекетшілдікке ұйыстырумен қатар, өрлеудің жаңа белестерін межелейтін саралы салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты өмірлік ұстанымға айналдыру. Бұл тұжырым Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Наурыз мейрамын кең көлемде тойлауды құптап, Наурызнама онкүндігін бекіту туралы шешімімен тоғысып, мәні айғақтала түскендей еді.
Шын мәнісінде, жыл өткен сайын географиялық аумағы біртіндеп ұлғайып, күллі қазақ елінің мерейіне айналған жыл басы Амал-Көрісуден бастау алып, он күнге ұласып, ұлықталған
«Ұлыстың ұлы күні – тарихи жадымызға қан жүгіртіп, қазыналы мұрамызға қайырыла соғып, түп қазығымызға қайта оралудың мызғымас нышаны. Ұлттық құндылықтарымыздың бастауы саналатын әз-Наурызда еңсеміз биік, пейіліміз кең, несібеміз мол болғай! Ұлыстың ұлы күні құтты, денсаулықтарыңыз мықты, тілек оң, ақ мол болсын!» – деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Мерекелік концертте Дана Құлманова, Асанәлі Көшеров, Асқар Көшеров, Кәмшат Ізтілеуова, Бақтыгүл Оңғарова, Фариза Ретбайкызы, Бауыржан Ретбаев, Екпін Толқынхан, Нұржанат Бисебаева, Марат Станов, Гулфайруз Баспаева, Данияр Губайдуллин, Ақмарал Арғынкызы, Бауыржан Есқалиев, Мелдір Жайлыбаева, Нұрдаулет Дуйжанов секілді әртістер өнер көрсетті.
Теңіз жағалай 30-ға жуық ағаш үй тігіліп, ақ дастарқан кеңінен жайылды. Мерекеде жағалауда серуендеген халыққа қазақтың ұлттық тағамдары, балқаймақ, құрт, бауырсақ ұсынылды. Қазақы нақышпен безендірілген киіз үйлерге бас сұғып, ұлттық тағам түрлерінен дәм татқан жұртшылық суретке түсіп, мәре-сәре болысты.
Сондай-ақ, Ақтауда Наурыз думанында ұлттық зияткерлік ойындарға халық ерекше ықылас танытты, белсене қатысты. Қазақ халқының той-думанында түрлі зияткерлік ойындар мен ұлттық спорт түрлері өзіндік мәдени-патриоттық тәрбиені насихаттауда айрықша маңызға ие. Әз-Наурызда теңіз жағалауына ағылған қала тұрғындары сайыс алаңдарында алуан түрлі ұлттық ойындарға атсалысып, күш сынасты. Әсіресе арқан тарту, қол күрес, кір тасын көтеру, асық ату, ләңгі тебу, қой көтеру сынды ұлттық спорттық ойындар халық тарапынан зор қызығушылық тудырып, көрермен қошеметіне ие болды. Ұлыстың ұлы күні ұлттық ойындардан бөлек «Тілек айту» сынды челлендж ұйымдастырылды.
Алғыр, шымыр әрі ширақ қатысушылар жүлдегер атанып, Алғыс хат пен бағалы сыйлықтарға ие болды. Қой көтеру сынында ептілігі мен білек күшінің арқасында Ақтау қаласының тұрғыны Мұхамбет қойды 180 рет көтеріп, бас жүлде – қозыны жеңіп алды.
Жағалауға жиналған облыс тұрғындары киіз үйлерге кіріп, ән-күй тыңдап, ұлттық тағамдардан дәм татты.