Мақсатымыз – өз өнімдерімізді экспортқа шығару

Мақсатымыз –  өз өнімдерімізді  экспортқа шығару

ОКҚ алаңындағы кезекті баспасөз жиналысының қонағы Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев болды. Кең-байтақ қазақ даласының батыс терістік бөлігінде жатқан бұл облыстың да алуан түрлі әлеуеті, мол мүмкіндігі бар аймақ саналады.

«Жалпы облыс экономикасы тұрақты даму динамикасын сақтап келеді. Инвестициялар көлемі артып, шағын және орта бизнеске қолдау күшейтілді. Ауылшаруашылығы мен өнеркәсіп салаларында жаңа жобалар іске асырылып жатыр», – дейді Нариман мырза. Облыс әкімі ары қарай нақты деректерді мысалға келтіре отырып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып өтті.

«Өткен жылдың қорытындысымен облыс экономикасының негізгі салалары бойынша тұрақты өсімге қол жеткіздік. Биыл да экономиканың өсу қарқыны сақталуда. Атап айтқанда, құрылыс саласындағы жұмыстар көлемі 9%-ға (262,3 млрд теңге), тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші 4,1%-ға (484,4 мың ш.м.) артып, негізгі капиталға салынған инвестициялар 1,2%-ға (566,6 млрд теңге) өсті.

Ішкі сауда көлемі 0,7%-ға (1 036,6 млрд теңге), көлік қызметтері 1,2%-ға (186,4 млрд теңге), байланыс қызметтері 6,2%-ға (10,2 млрд теңге), өнеркәсіп 3,6%-ға (3 105,0 млрд теңге), ал ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 6,4%-ға (280,8 млрд теңге) артты.

Өткен үш жылда жалпы өңірлік өнімнің көлемі 4,4 трлн теңгеден 4,7 трлн теңгеге немесе 6,5%-ға өсті. Облыс бюджеті 33,5% ұлғайып, 475 млрд теңгеден 634 млрд теңгеге жетті (өзіндік кірістер 239,0 млрд теңге, 37%). Мемлекеттік бюджетке 1,6 трлн теңге түсті, оның ішінде 597 млрд теңге жергілікті бюджетке, ал 990 млрд теңге республикалық бюджетке бағытталды. Сонымен қатар, Ұлттық қорға 2,8 трлн теңге аударылды. Орташа айлық жалақы 316 мың теңгеден 369 мың теңгеге немесе 16,6 пайызға артты», – деді Нариман Төреғалиев.

Батыс Қазақстан облысы экономикасының басым бағыттарына мұнай-газ, өңдеу өнеркәсібі, машина жасау, құрылыс индустриясы және агроөнеркәсіп кешені жатады. Бұл салаларда қазіргі күні 30 000-нан астам адам еңбек етеді екен. Аймақ басшысы өңір экономикасына қан жүгіртіп отырған басым бағыттар жайлы тарқатып айтып шықты. Бұдан бөлек, экономикалық дамуға серпін беретін инвестиция тарту, өнеркәсіп, құрылыс, медицина, энергетика және ауыл шаруашылығы салаларындағы қол жеткізген табыстарына да тоқталып өтті.

«Qazaqstan dauiri» газеті БҚО-ның тыныс-тіршілігіне барынша назар аударып, облыс көлеміндегі әрбір игі істер мен ауыз толтырып айтарлықтай жаңалықтарды үнемі жазып келе жатқандықтан, әкімнің баяндамасында айтылған әрбір маңызды шаруалар мен нақты деректерді жіпке тізіп отырмадық. Брифинг тәртібі бойынша сұрақ-жауап бөлімінде көкейде жүрген сауалдарымызды әкімге қойып, лайықты жауабын алдық.

– Облыстағы ауылшаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыру үшін қандай бастамалар қарастырылған?

– Жаңа айтып өткенімдей, инвесторларды тартып жатуымыздың бір мақсаты облысымызда өндірілген өнімдердің экспорт әлеуетін арттыру болып табылады. Қазір біз ет, май дақылдарын, бидай өнімдерін экспортқа шығарып отырмыз. Бұдан бөлек, мұнай-газ саласына қатысты кейбір өнім түрлерін экспортқа шығару жоспарымыз бар. Осыған орай зауыттар салуды қолға алып жатырмыз. Мана айтып өткенімдей, бір ғана компаниямен келісімге келе отырып, 14 зауыт салғалы жатырмыз. Қазір Қытайдың Бейжің, Нанкин қалаларында БҚО-ның екі өкілдігін аштық. Мұндағы мақсат – біздің облыста өндірілген тауарларды Қытай нарығында сату. Қазірдің өзінде көпке танымал «Кублейдің» өнімдерін оларға апарып бердік, олар лабораториялық зерттеулер жасап жатыр. Біздің мақсатымыз – өзіміздің тауарларды экспортқа шығару және инвестиция тарту.

– Батыс Қазақстан облысында 2 ірі су қоймасы салынады деген ақпарат тарады. Құрылысы қашан жүзеге асады?

– Иә, екі су қоймасы салынады. Қазір Су шаруашылығы министрлігімен қатысты құжаттарды реттеп жатырмыз. Олардың көлемі өте ірі емес, біреуінің көлемі 28 млн текше метрлік, екіншісі 15 млн текше метр, бұл біздің облыс үшін орташа көлемде болып табылады. Біздегі ең үлкен су қоймасы – 106 млн текше метр. Бұл екеуі де 2026 жылдың жоспарында тұр.

Біз өз оқырмандарымызға «Qazaqstan dauiri» газетінің алдағы уақытта да Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық ахуалы туралы материалдарды үзбей жариялап отыратындығымызды тағы да еске саламыз.

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
11.12.2025

Ұқсас жаңалықтар

«Ұлттық баспасөзге  деген сенім мен құрмет үзілмесін!» деген ел Президентінің пәрменін аяққа таптаған кім?
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері - 28.11.2025 588

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 20923
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 20708
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 35842
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 34356
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 38239