Мақтаарал ауданында Мақта шаруашылығының тарихына арналған музей бар. Биыл өңір тарихынан сыр шертетін аталмыш музейдің құрылғанына 80 жыл толып отыр. Осы атаулы датаға орай жақында өңірде ауқымды іс-шара ұйымдастырылып, оған облыстық мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаев, аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешенқұлова және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жиын «Мақта – ел байлығы» атты семинардан бастау алды. Музей қызметкерлері «Мырзашөл тарихы сыр шертеді», «Мақта шаруашылығы тарихы» музейінің тарихы» және «Мектеп музейлерінің рөлі мен қызметі» тақырыптарында баяндама жасап, музей мен өңірдің тарихы жайлы құнды мәліметтерді көпшілік назарына ұсынды. Іс-шара барысында аудан өнерпаздары ән-күй орындап, кеш сәнін кіргізді. Сондай-ақ, семинар қонақтары музейдің экскурсия залымен танысып, Жетісай аудандық музейінің көшпелі көрмесін тамашалады. Атакент кентіндегі «Достық» мәдениет үйінде өткен іс-шара соңында музей директоры Асқар Тажибекеев құттықтау сөз сөйлеп, келген қонақтарға алғысын білдірді. «Музей педагогикасы» кітабының тұсауын кесті.
Айта кетейік, Мақта шаруашылығы тарихы музейі 1944 жылы құрылған. Музей орналасқан ғимарат 1930 жылы салынған. Кейінгі экспозициясы 1946 жылдан басталып, қазіргі уақыт аралығын қамтиды. Мақтаны өлшеу құралдары, мақтадан алынатын өнімдер, ауданда қызмет атқарған адамдардың өмірінен мәлімет алуға болады. Әскери-патриоттық жұмыс музей ұжымының басты бағыты болып келеді. Қазіргі таңда музейде 10500 жәдігер сақталып, 15 қызметкер жұмыс атқарады.