Түркістан облысы, Мақтаарал ауданының еңбекқор шаруалары қаңтардың әрбір сәтті күнін пайдаланып қырыққабат егуде. Егістік алқаптартарда қазірдің өзінде 70-тен астам бригада, 4 мыңнан астам жұмысшылар қызу жұмыстарды жүргізуде.
Қаңтардың суығы мен жауын-шашынына қарамастан егістік алқабында жұмыс істеп жатқан қожалықтардың бірі – "Аллажар" шаруа қожалығы. Аллажар Әбдірахмановтың басшылығындағы қожалықтың еншісінде 7,2 гектар жер бар болса, соның 4,2 гектарына ерте пісетін қырыққабат дақылы егіліп жатыр. Қазіргі таңда 60 адамнан құралған бригада егістік алқабында тынбай жұмыс істеуде.
"Жұмысшыларға күніне 5000 теңгеден еңбекақысын төлеудеміз. Қырыққабаттың «Галикан Ф-1» және «Ринда» атты сорттарын егіп жатырмыз. Негізінен 2 айдың көлемінде еккен егініміз пісіп жетіледі. Егілген көшеттің үстін жапқышпен жауып, жауын-шашыннан қорғаймыз. Ең бастысы – күтіп-баптауға үлкен мән берілуі керек", деді А.Әбдірахманов.
Ерте пісетін қырыққабат өніміне еуропалықтар мен ресейліктер тарапынан сұраныс өте жоғары. Қазірдің өзінде Мақтаарал ауданы бойынша 160 гектар жерге қырыққабат отырғызылған. Жалпы биыл 500 гектарға жуық жерге ерте егілетін көкөністер егу жоспарланып отыр. Қырыққабат ерте пісетіндіктен, мақтааралдық диқандар оның соңынан қауын-қарбыз, мақта сияқты өзге де дақылдарды егуге кіріседі. Осылайша, шаруалар 1 жылда екі рет, тіпті үш рет өнім алады.
Айта кетейік, өткен жылы мақтааралдық шаруалар 20 мың тоннаға жуық көкөніс өндіріп, оның 80%-на жуығын ТМД, Балтық жағалауы елдеріне, Түркия, Германия, Грекия мемлекеттеріне экспортаған.