Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты Снежанна Имашева Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында РУ-170/2 түзету мекемесіндегі ахуалмен танысты.
БҚО Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты түзету мекемесіне депутатпен бірге «АМАNАТ» партиясы Орал қалалық филиалының атқарушы хатшысы Бауыржан Мұхамбетжанов та барды. Басты мақсат – мекемеде жазасын өтеуші сотталғандардың ақылы еңбек орындарында атқарып жатқан жұмыстарының барысымен танысу болатын. Олар мекеме аумағындағы өндірістік аймақтағы нан пісіру цехын, шағын кәсіпорындарды аралап, жұмыспен қамтылған сотталғандардың темірден және ағаштан жасаған бұйымдарын өз көздерімен көрді. Сонымен қатар мекеменің асханасына бас сұғып, сотталғандардың тамақтану жүйесін қадағалады.
РУ-170/2 мекемесінің бастығы, әділет подполковнигі Б.Оиықбаев: – Мекемеде жазаларын өтеп жатқандардың басым көпшілігінің сот үкімімен тағайындалған берешек соммалары бар. Соларды өтеу мақсатында осы мекеме аумағындағы бос цехтарды іске қосып, шағын жеке кәсіп көздерін көптеп ашып, сотталғандар жұмыспен қамтылса деген ойымыз бар, – деді. Сотталушылардың бірі де пайдасы бар игі істермен айналысуға ниетті екендерін айтып, жұмыс көзі көбірек ашылса деген тілегін білдірді.