«Мектепке жол» акциясына атсалысуға шақырды

«Мектепке жол» акциясына атсалысуға шақырды

Орал қаласы мектептерінде әр жаңа оқу жылында оқушы санының көбею көрсеткіші байқалады. Биыл 5500-ге жуық бала білім ошақтарының табалдырығын алғаш аттайды деп жоспарлануда. Бұл туралы қалалық білім беру бөлімінің басшысы Әлия Қайыржанова мәлімдеді.

 

Оқушы саны 64 мыңнан асады

 

2025-2026 оқу жылына дайындық туралы ақпарат берген бөлім басшысы Әлия Зұлқарнайқызының айтуынша, 1-сыныпқа бүлдіршіндерді қабылдау осы тамыз айының соңына дейін жүргізіледі. Жалпы облыс орталығында 54 күндізгі жалпы орта білім беретін мектеп болса, оның 52-сі – орта мектеп, біреуі – негізгі, біреуі – кешкі ауысымды мектеп. – Соңғы үш жылда орыс тілінде оқытатын мектептерде қазақ сыныптары ашылып,  аралас мектептер саны көбейді. Биылғы жаңа оқу жылында 27 қазақ тілді және 27 аралас тілді мектептер жұмысын бастайтын болады. Ал бірінші сыныпқа ағымдағы жылдың соңына дейін алты жасқа толатын балалар қабылдануда. Жалпы қала бойынша  5500-ге жуық оқушы 1-сыныпқа келеді деп күтілуде. Қазіргі таңда қабылданған 5161 оқушының 3661-і қазақ сыныптарында оқитын болады, – деді бөлім басшысы Ә.Қайыржанова.  Жаңа оқу жылында қала мектептерінің 1-11 сынып бойынша жалпы контингенті 64183 оқушыны құрайды деген жоспар бар. Қаланың бас мұғалімі оқушы саны Оралда жыл сайын 2500-3000 балаға көбейетінін жеткізді.

Қала мектептерінің білім көрсеткішіне тоқталар болсақ, білім сапасы 2024-2025 оқу жылында 66,21 пайызды (былтырғы жылы – 64,3%) құраған. Демек, өткен жылмен салыстырғанда білім сапасы екі пайызға өскен. Бұл статистиканы зерделесек, 11869 оқушы – оқу озаты,  24785 оқушы – оқу екпіндісі атанған. Қала мектептері бойынша 76 түлек «Алтын белгі» иегері болса, 107 шәкірт үздік аттестатқа ие болған. Ал 9-сыныпты тамамдаған 5319 оқушының 286-сы – үздік аттестат иегері.

Орал қаласында жыл санап халықтың өсу көрсеткіші байқалуда. Осыған байланысты мектептердегі оқушылар ғана емес, балабақшалардағы сәбилер саны да артып келеді. Сондықтан 2-6 жас аралығындағы бүлдіршіндердің сапалы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға тең қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылуда. 2022-2023 оқу жылымен (103 жеке мектепке дейінгі ұйым)  салыстырғанда Орал қаласы бойынша жеке мектепке дейінгі ұйымдар саны 35-ке артты. Қазіргі таңда қала бойынша 50 мемлекеттік балабақша, 12 шағын орталық және 138 жеке балабақша бар.

 

Ұрпақ қауіпсіздігі – басты назарда

 

Білім ошақтарында жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсатта биыл мектеп ғимараттарын ақтау-сырлау, сыртқы желілерді орнату (қайта құру), терезе-есіктерді, линолеумдарды және жарықдиодты шамдарды ауыстыру, спорт және акт залдарын, кабинеттерді ағымдағы жөндеу, сондай-ақ қысқы-күзгі жылыту маусымына дайындық секілді ағымдағы жұмыстарды жүргізуге 227 856,0 мың теңге қарастырылған. Сондай-ақ қалалық білім беру бөлімінің басшысы жиырмадан астам мектеп ғимараты күрделі жөндеу жұмыстарын талап ететінін жасырмады. Үстіміздегі жылы «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында жан басына шаққандағы қаржыландыруды іске асыру» бағдарламасы бойынша материалдық-техникалық базаны нығайтуға, соның ішінде 38 оқу кабинетін сатып алуға 359476,0 мың теңге жоспарланыпты. Білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық нысандар бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Осы жылы білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздікті күшейту, мектепті басқаруды жеңілдету және бірқатар үдерістерді автоматтандыру мақсатында мектептерге аппараттық-бағдарламалық кешендер (АБК) орнатылған. Бұл кешендерге бағдарламалық қамтамасыз ету ғана емес, турникет, бейнекамера, карталарды оқу құрылғылары секілді физикалық құрылғылар да кіреді. Ал балабақшалардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында домофон қондыру жұмыстары жүргізілген.

 

Қор қаржысы тиімді жұмсалуда

 

Бөлім басшысы 2024-2025 жылдарға арналған жалпыға бірдей міндетті орта білім қоры туралы да мәлімет берді. Өткен жылы аз қамтылған және көпбалалы отбасылардағы балалардың толыққанды білім алуына көзделген жалпыға бірдей міндетті орта білім қоры 462 261 мың теңгені құраған. Бұл қаражат 2120 оқушыға ыстық тамақ ұйымдастыруға,  655 оқушыны санаторий-курорттық ұйымдарға және демалыс лагерьлеріне жолдауға, 4187 аз қамтылған отбасы балаларын қаржылай көмекпен қамтамасыз етуге жұмсалған. Ал биыл аталған білім қорының нақтыланған жалпы сомасы 509 572,0 мың теңгені құрап, бұл қаржы ыстық тамақтануды ұйымдастыру, аз қамтылған отбасы балаларына  қаржылай көмек беру секілді іс-шаралардан бөлек әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардың ұл-қыздарының жазғы демалысын тиімді өткізуге қарастырылған. Нәтижесінде 334 оқушының Астана, Түркістан, Алматы, Шымкент қалаларына саяхаттауына, 159 баланың Бурабай курорты аумағында демалуына, сондай-ақ 372 шәкірттің қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерьлерде тынығуына септігін тигізіпті. Сонымен қатар бөлім басшысы өз сөзінде ҚР Үкіметінің 2008 жылғы «Білім беру ұйымдарының мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне және жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, отбасыларда тұратын балаларға, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға және өзге де санаттағы білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қаржылай және материалдық көмек көрсетуге арналған қаражатты қалыптастыру, бағыттау және бөлу қағидаларын бекіту туралы» қаулысына сәйкес білім беру ұйымдарында бірқатар санаттағы оқушыларға қаржылай және материалдық көмек көрсету қарастырылғанын да еске салды.

Мектеп оқушылары үшін ұйымдастырылатын тағы бір игі бастама – «Мектепке жол» акциясы. Тамыз айында бастау алған шараның мақсаты –  әлеуметтік жағынан аз қорғалған түрлі санаттағы отбасы балаларына қолдау көрсету, олардың қыркүйек айында әлеуметтік себептермен мектепке бармай қалуының алдын алу. Дәстүрлі акция аясында өткен оқу жылында 1425 балаға 61 897 385 теңгеге демеушілік көмек көрсетіліп, бұл қайырымдылық шарасына мәслихат депутаттары, ірі кәсіпорындар, мемлекеттік мекемелер, саудагерлер және жекелеген қала тұрғындары үн қосқан. Қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ә.Қайыржанова жомарт жандарды қыркүйек айының соңына дейін жалғасатын акцияға атсалысып, көмекке мұқтаж отбасыларды қолдауға шақырды.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,

БҚО Орал қаласы

 

07.08.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 16530
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 16381
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 31558
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 30175
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 33770