Түлкібас ауданы, И.Рыбалко атындағы жалпы орта мектептегі мұражайда өңірдің тарихынан сыр шертер жәдігерлер көп. Бұл туралы сәл кейінірек. Алдымен мұражайдың ашылу тарихына тоқтала кетейік. Мұражайдың негізін қалаған Бердібек Ешімбетұлы 1957 жылы аталмыш білім ұясына мұғалім болып жұмысқа тұрады. Ол Сталин атындағы педагогикалық училищеде оқып жүргенінде тарихи-археологиялық зерттеу жұмыстарымен айналысқан екен. Мектепке келгеннен кейін де осы ізденісін ары қарай жалғастырады. Оған туған жердің сұлу табиғаты мен тылсым тарихы әсер етсе керек. Ауыл-аймақтан көне жәдігерлерді жинастырып, арнайы бұрыш ашқан мұғалім экспонаттарды оқушылардың назарына ұсынады. Бұл туралы бізге кеңірек етіп түлкібастық тұрғын Қадиша Айымбетова әңгімелеп берді. «1960 жылы аудан орталығы мен Балықты ауылының арасына автомобиль жолы салынды. Осы кезде ежелгі Шараб қаласының орнынан археологиялық жәдігерлер көптеп табыла бастайды. Бердібек Ешімбетұлы экспонаттарды мектепке әкеліп, 1958 жылы алғаш рет «Өлкетану» мұражайын ашып, оның жетекшісі болады. 1961 жылы Бердібек Ешімбетұлы бастаған отряд «Менің елім – СССР» атты экспедицияға қатысып, оның қорытындысы 1962 жылы облыстық конференцияда ІІІ орын алады. Осы жылы Бердібек Ешімбетұлы облыста алғашқылардың бірі болып табиғатты қорғайтын «Голубой патруль» отрядын құрады. Оқушыларды ұйымдастырып, игі істерге жұмылдыра білген осындай еңбегі үшін ол «Үздік пионер вожатый» төсбелгісімен марапатталады. 1962 жылы атақты «Артек» пионер лагерінде өткен «Жас өлкетанушылар мен туристердің» ІІ Бүкілодақтық слетінде И.Рыбалко атындағы жалпы орта мектептің 8-сынып оқушысы Қалыбек Шымырқұлов баяндама жасайды. 1968 жылы аудандағы неолиттік тұрақ саналатын «Қараүңгірді» зерттеуге атақты ғұлама, археолог ғалым Хасен Алпысбаев бастаған археологтар келеді. Осы экспедицияға Бердібек Ешімбетұлы бастаған №13 отряд мүшелері белсене қатысып, Алғыс хатқа ие болады. Бұл кезде ауыл мектебіндегі «Өлкетану» мұражайының атағы республиканы айтпағанда бүкіл одаққа тараған еді. Мұражай бірнеше рет КСРО Жоғарғы Кеңесінің, ҚазКСР Жоғары Кеңесінің мақтау грамоталарымен марапатталды. Облыс, аудан көлемінде өткізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының да жеңімпазы болды. 1984 жылы «Артек» пионер лагерінде өткен ІV Бүкілодақтық «Жас өлкетанушы – туристер» слетіне аталмыш мектептен Сәуле Шымырқұлова, 1986 жылы Владивостокта өткен Ү Бүкілодақтық «Жас өлкетанушы – туристер» слетіне Лейла Картеева қатысады. 1980-1990 жылдары «КСРО Су және мелиорация министрлігінің» тапсырмасымен Бердібек Ешімбетұлы бастаған отряд су көздерін тазалау және оларды дұрыс пайдалану жұмыстарын жүргізді. Жас өлкетанушылар КСРО-ның Бас дәріхана басқармасы, КСРО Денсаулық сақтау министрлігі, КСРО География қоғамы, КСРО Геология министрлігі тарапынан берілген тапсырмаларды да абыроймен орындап шыға алды. Мұның барлығы «Өлкетану» мұражайы мен «Туризм және спорт» отрядының жетекшісі Бердібек Ешімбетұлының ерен еңбегінің жемісі. «Жас өлкетанушы – туристер» отряды 1989 жылы Волгоградқа, 1989 жылы Арменияға қазба жұмыстарына шақырылды. Ал, 1990 жылы Ы.Алтынсарин атындағы ғылыми-зерттеу институтынан Бердібек Ешімбетұлының 8-сынып оқушыларына арналған «Өлке тарихы мен мәдениеті» атты оқулығы жарық көріп, өңіріміздегі мектептерде «Өлкетану» сабағы өтіле бастайды». 2002 жылы мектептегі «Өлкетану» мұражайына Қазақ КСР еңбегі сіңген ұстаз Бердібек Ешімбетұлының есімі берілді. Мұражайда археология, этнография, нумизматика, геральдика, көне кітаптар, табиғат және өлкеміздегі өндіріс орындары атты бөлімдер бар. 2008 және 2017 жылы Бердібек ағайдың отбасы мұражайды күрделі жөндеуден өткізіп берді. Бүгінде бұл мұражайға Нұрбике Сапарғалиева жетекшілік етеді. Ол мұражайдың заман талабына сай безендірілуіне және оқушылардың ғылыми-жұмыстармен айналысып, білімдерін толықтыруына үлкен үлес қосып келеді.