Елімізде өндірісті, өнеркәсіпті, қайта өңдеу саласын дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары жылдан жылға артып келеді. Жақында сондай бір нақты мысал жұртшылыққа мәлім болды. Тарқатып айтар болсақ, Қарағанды қаласындағы 30 жылдан астам тарихы бар шұжық өндіретін «Тай» компаниясына мемлекет 25,9 млн теңге көлеміндегі шығынын өтеп берді.
Аталмыш кәсіпорын өнім шығару барысындағы соңғы үдерістерді жеделдету әрі автоматтандыру мақсатында құны шамамен 65 млн теңге болатын автоматты қос клипсатор сатып алған. Соңғы үлгідегі бұл жабдықтарды қолдану арқылы шұжық батондарын қалыптастыру, герметикалық қысу және кесу үдерісі автоматтандырылған. Клипсатордың өнімділігі минутына 120 циклге дейін жетеді. Осылайша дайын өнімнің жылдық көлемін 30%-ға арттыруға талпыныс жасап отыр. Жобаны іске асырғаннан кейін компания жұмсалған шығынның бір бөлігін өтеу үшін «QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығына жүгінген. Нәтижесінде кәсіпорынның 25,9 млн теңге көлеміндегі шығыны өтеліпті.
-«Бұл біздің кәсіпорын үшін өте ауқымды әрі уақытылы көрсетілген қолдау болды. Қайтарылған айналым қаражаты компания бюджетіне түсетін қаржылық жүктемені азайтып қана қоймай, одан әрі дамуға зор серпін береді. Енді бұл қаражатты біз басқа өндірістік желілерді одан әрі жаңғыртуға және өнім түрлерін кеңейтуге тікелей бағыттай аламыз», – дейді «Тай» ЖШС-ның техникалық директоры Серік Жұртыбаев.
Өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларының операторы – «QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы болып табылады. Орталық шығындардың бір бөлігін, яғни- еңбек өнімділігін арттыру және өнімді ішкі нарыққа ілгерілету,- сынды екі бағыт бойынша өтейді. Бұл мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған үлкен қолдау. Қазіргі таңда кәсіпорындар технологиялық жабдықтарды сатып алуға, цифрлық технологияларды енгізуге, қызметкерлердің біліктілігін арттыруға және өндірісті ұйымдастыру тиімділігін жақсартуға, шығарылатын өнімді сертификаттау және зертханалық сынақтарын өткізуге және т.б. жұмсалған шығындарының 40%-дан 50%-ға дейінгі көлемін қайтарып ала алады.
-«Өткен жылы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру тетіктерін жаңартты. Енді отандық кәсіпорындар ел ішінде басым тауарларды теміржол көлігімен тасымалдауға жұмсалған шығынның 50%-ға дейінгі бөлігіне өтемақы ала алады. Сонымен қатар халықаралық сертификаттауға жұмсалатын шығынды өтеу көлемі 5 есеге ұлғайтылды»,- деп жазды министрліктің ресми сайты.
Ерқазы Сейтқали














