Ақтөбе қаласында ауласын көгалдандырып, абаттандыру ісіне белсене атсалысып жүрген тұрғындарды қолдау мақсатында «Менің Ақтөбем» байқауы жарияланды. Қала әкімдігі жариялаған байқауға қала тұрғындары, көппәтерлі тұрғын үйлердің ұжымдары, мүлік иелері бірлестігі, кәсіпорындар мен ұйымдар, сондай-ақ жеке үй иелері қатыса алады.
Байқаудың негізгі мақсаты – қала аумақтарын абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарын одан әрі дамыту, сондай-ақ осы бағыттағы үздік тәжірибелерді кеңінен насихаттау.
Жүлде қоры демеушілердің қолдауымен қарастырылған. Байқау бірнеше номинация бойынша өткізіледі. Атап айтқанда, «Көппәтерлі тұрғын үйдің үздік ауласы», «Аумағы абаттандырылған ең үздік кәсіпорын мен ұйым», «Үздік аула сыпырушы», «Үздік көрікті, абаттандырылған жеке үй» және «Көппәтерлі тұрғын үйдің үздік басқарушысы» номинациялары қамтылған. Әр бағыт бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйақылар табысталады.
Былтыр өткізілген байқаудың жеңімпазы болған Ақтөбе қаласы Әз Наурыз көшесі 24-үйдің тұрғындары мұндай іс-шараның қала көркіне айтарлықтай үлес қосатынын айтады. Аталған үйдің мүлік иелері бірлестігі басшысы Алла Тюмакованың айтуынша, көпәтерлі үй өткен жылы «Ең абаттандырылған аула» номинациясы бойынша жеңімпаз атаныпты.
– Ауламыз тазалығы, жасыл желектің көптігі, беседкалар, қоқыс жәшіктері мен жарықтандырудың болуымен ерекшеленеді. Қазіргі таңда біздің аулада 60-тан астам түрлі ағаш пен өсімдік бар. Біз мүлік иелері бірлестігін үш жыл бұрын құрдық, сол кезде алғашқы отырғызғанымыз пирамидалық теректер болды. Кейін ауламызды өзгеше, ерекше еткіміз келіп, түрлі сирек ағаштарды отырғыза бастадық. Атап айтқанда, сумак, канадалық үйеңкі, колонналы алма ағаштары, шетен, калина, акацияның бірнеше түрін, сондай-ақ абрикос пен басқа да жеміс ағаштары бар. Сонымен қатар ауламызда раушан бағын – розарий жасадық. Онда 10-нан астам раушан түрі өседі. Бұдан бөлек, шамамен 15 түрлі көпжылдық гүл егілген гүлзарымыз бар. Байқау барысында комиссия екі айдан астам уақыт бойы ауламызды және тұрғындардың еңбегін бақылап отырды. Біздің үйде 250-ден астам пәтер бар. Негізінен байқауға белсенді қатысқан – осы үйдің байырғы тұрғындары. Олар үйдің қалай салынғанын да, ауламыздың қалай қалыптасқанын да жақсы біледі. Үйіміздің салынғанына 30 жылдан асты. Әр подъезде көгалдандыруға ерекше көңіл бөлетін тұрғындар бар. Жастар да тал суарып, көмектесіп жүреді. Бірлік пен еңбектің арқасында ауламыз жыл сайын көркейіп келеді, – дейді ол.
Байқау екі кезеңнен тұрады. Алдымен аудандық деңгейдегі алдын ала іріктеу кезеңі 15 сәуірі мен 25 шілдесі аралығында өтсе, негізгі қалалық кезең 15-30 тамыз аралығына жоспарланған.
– Байқауға қатысу үшін тұрғындар 15 сәуірден бастап өздерінің тұрғылықты мекенжайы бойынша аудан әкімдіктеріне өтінім тапсыра алады. Комиссия бағалау кезінде тазалыққа, көгалдандыруға, ағаштарды күтіп-баптауға, жертөле мен подъездердің санитарлық жағдайына, сондай-ақ ортақ мүліктің жай-күйіне назар аударады. Барлық критерийлерді әкімдіктің ресми парақшаларында жарияладық. Қосымша ақпаратты Астана және Алматы аудандары әкімдіктерінен алуға болады, – дейді Ақтөбе қаласы тұрғын үй инспекциясы басшысы Ақнұр Қазбаева.
Жеңімпаздарға 100 мыңнан 1 млн теңгеге дейін ақшалай сыйақы беріледі. Қазіргі уақытта байқауға қатысушылардан құжаттар қабылданып жатыр. Ал 15 тамыздан кейін комиссия жеңімпаздарды анықтауға кіріседі.














