Салтанатты жиында сөз алған аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы ақ жаулықты әжелер мен ардақты аналарды, сұлу да сымбатты қыз-келіншектерді төл мерекесімен құттықтап, дендеріне саулық, отбасыларына амандық тіледі. Мұнан кейін облыс және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін және Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай еңбек ардагерлері Ділдакүл Атабаева мен Сәрсекүл Қарасартоваға, аудандық орталық аурухананың шұғыл көмек көрсету бригадасының фельдшері Дәмеш Әлімқұловаға облыс әкімінің Құрмет грамотасын, «Ақ бидай» шаруа қожалығының төрайымы Ирина Чумаковаға, аудандық тарихи-өлкетану музейінің экскурсаводы Индира Мыңжасароваға, Амангелді атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сәуле Майкеноваға облыс әкімінің Алғыс хатын табыс етті. Ал, «Jambyl ET MS» ЖШС директоры Света Шаушенованы, аудандық прокуратураның аға прокуроры Жазира Миралиеваның аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады.
Тілекшілер тізімін жалғаған аудандық мәслихаттың хатшысы Райымбек Сейітов ақжаулықты аналарға ақжарма тілегін арнап, аудан әкімі аппараты мемлекеттік-құқықтық жұмыс бөлімшесінің басшысы Беназир Жамбылбекқызын, аудандық полиция бөлімі көші-қон қызметінің жетекші маманы Сандуғаш Қалжанованы, аудандық Мәдениет үйінің бас есепшісі Анар Тәжібаеваны Жамбыл ауданының Құрмет грамотасымен марапаттады.
Салтанатты жиын соңында аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Құшақтары гүлге, көңілдері шаттыққа толы әйел-аналар мерекелік жиыннан ерекше ризашылықпен тарқасты.
Концертте 300-ге жуық әжелерге, аналарға, қыз, келіншектерге аудан әкімінің мерекелік құттықауы мен сыйлықтары үлестірілді.