Меркіде аграрлық жетістіктер жаңа жобаларға жол ашуда

Меркіде аграрлық жетістіктер жаңа жобаларға жол ашуда

Жуырда Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жұмыс сапарымен Меркі ауданына барып, ауылшаруашылығының даму барысымен, инвестициялық жобалардың жүзеге асу деңгейі және өңірдегі инфрақұрылымдық нысандардың құрылысымен танысты. 

Сапар барысында аймақ басшысына ауданның агроөнеркәсіп кешеніндегі негізгі көрсеткіштер бойынша кең көлемде ақпарат берілді. Ағымдағы жылдың алғашқы алты айында ауылшаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 7,2 миллиард теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 9 пайыздық өсімге қол жеткізілген. Жалпы егіс алқабы 103,5 мың гектарға жетсе, соның 7,53 мың гектарына су үнемдеу технологиялары енгізілген. Бұл – өңірдің климаттық ерекшеліктеріне бейімделген тиімді тәжірибенің көрсеткіші. Салаға тартылған инвестиция көлемі де көңіл қуантады. Жарты жылдың ішінде агроөнеркәсіп кешеніне 1,94 миллиард теңге бағытталған. Аудан шаруашылықтарындағы 1171 ауылшаруашылығы техникасының 5,5 пайызы жыл соңына дейін жаңартылмақ.

Өңір басшысы сапар аясында «Сыпатай батыр» шаруа қожалығында болды. Бұл шаруашылық 2016 жылдан бері элиталық және репродуктивті тұқым түрлерін өсірумен айналысып келеді. Қазіргі таңда бұл облыс аумағындағы жалғыз элиталық тұқым шаруашылығы мәртебесіне ие қожалық. Мұнда 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Биылғы жылы 246 гектарға «Арна» сұрпы бойынша жаздық арпа, ал 643 гектарға «Стекловидная-24» сұрпымен күздік бидай егілді. Облыс әкімі осындай шаруашылықтардың ауылшаруашылығында өнім сапасы мен көлемін арттыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтіп, салаға кешенді қолдау көрсетуді тапсырды.

Сурат ауылдық округінде орналасқан 450 басқа арналған сүт-тауар фермасының құрылысы да әкім назарынан тыс қалған жоқ. Құны 2,5 миллиард теңге болатын жобаны «Қайсар» шаруа қожалығы жүзеге асыруда. Кешен тәулігіне 12 мың литр сүт өндіру қуатына ие. Құрылыс барысында 70 адам жұмыспен қамтылса, кешен іске қосылған соң 30 тұрақты жұмыс орны ашылады. Жобаны биыл күзде аяқтау жоспарланып отыр. 

«Береке Дас» шаруа қожалығы жеміс ағаштарының элиталық көшеттерін өсірумен айналысады. Қожалық 35 гектар аумақта жоғары өнімді алма ағаштарын отырғызған. 2024 жылдың өзінде 300 тонна өнім жиналған. Мұндай жобалар ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып қана қоймай, экспорттық әлеуетті де арттырады.

Өңір басшысы Ақтоған және Жамбыл ауылдық округтерінде салынып жатқан «Royal Petrol» жанармай бекеттерінің құрылысымен де танысты. Жобаның жалпы құны – 1,7 миллиард теңге. Мұнда тек жанармай бекеттері ғана емес, қонақүй, дәмхана және басқа да жол бойы қызмет көрсету нысандары бой көтереді. Құрылысты жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Облыс әкімі туристік демалыс аймағының құрылысын да көріп қайтты. Құны 800 миллион теңгелік жоба жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылуда. Жоба аясында форель өсіру шаруашылығы мен глэмпинг аймағы салынуда. Құрылыс кезінде 15 адам еңбекпен қамтылса, жоба іске қосылған соң 7 тұрақты жұмыс орны ашылады. Ербол Қарашөкеев ауылдық туризмнің болашағы зор екенін, оның жаңа жұмыс орындарын құрып, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға ықпал ететінін айтты. Сонымен қатар демалыс аймағына апаратын жолдың сапасын жақсартуды тапсырды. 

Сапар соңында облыс әкімі қуаттылығы 18 МВт болатын су электр станциясының құрылысымен танысты. «Тараз Гринпауэр Дженко» ЖШС жүзеге асырып жатқан бұл жобаның жалпы құны – 14,8 миллиард теңге. Ербол Қарашөкеев құрылыс сапасы мен мерзімін қатаң сақтау қажеттігін айтып, жергілікті билік тарапынан қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді. 

Сапар қорытындысы бойынша Ербол Қарашөкеев Меркі ауданын жан-жақты дамыту қажет екенін баса айтты. Ол ауылшаруашылығындағы жобаларға қолдау көрсетуді жалғастыруды, басталған құрылыс нысандарын белгіленген мерзімде аяқтауды және инвестиция тарту жұмыстарын күшейтуді тапсырды. 

Бұл сапар аудан үшін ғана емес, облыс экономикасының серпінді дамуына бағытталған стратегиялық шешімдердің нақты іске асу кезеңі екенін көрсетті.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
01.08.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 16051
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 15914
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 31072
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 29714
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 33281