Мұндай кездесулер осыған дейін Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Мойынқұм, Сарысу, Т.Рысқұлов, Шу және Талас және Меркі аудандарына қарасты 21 ауылдық округте өтіп, онда 51 елді мекеннің тұрғындары қамтылған. Бұл басқосуларға 800-ге жуық тұрғын қатысып, олардың 353-і түрлі өтініш-тілектерін жеткізген.
Өтініштердің басым бөлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік, тұрғын үймен қамту және жер телімдерін беру, кәсіпкерлік сынды мәселелерге қатысты.
Атап айтқанда, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа қатысты – 131, әлеуметтік мәселелерге қатысты – 92, тұрғын үймен қамту және жер телімдерін беруге қатысты – 46, кәсіпкерлікке қатысты – 49 және өзге мәселелерге тиесілі 35 шағым, өтініш тіркелген.
Қабылдау нәтижесі бойынша бүгінгі күнге дейін 80-нен астам азаматтың мәселесі оң шешімін тауып, 200-ден астам азаматқа заң аясында түсініктемелер берілген.
– Мобильді қоғамдық қабылдаудың жұмысы кестеге сәйкес бүгінгі күнге дейін барлық ауданның шалғай ауылдарында өткізілді. Өз кезегінде мен де партия облыстық филиалының атқарушы хатшысы ретінде ауыл халқының мәселелерін тыңдадым. Атап айтқанда, ауыл жастары «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша кеңестер сұраса, тұрғындар тұрғын үй мәселесін көтерді. Көтерілген мәселелер алдағы уақытта партия облыстық филиалының бақылауында болады. Сондай-ақ айтылған проблемалар бойынша құзырлы органдарға ұсыныс та жолданатынын айта кеткен жөн. Сонымен қатар шара аясында аталған ауыл тұрғындарына референдумның мән-маңызын түсіндіріп, 5 маусым күні болатын саяси шараға белсенді қатысуға шақырдым, – дейді «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Дауыл Бейсенқұлов.