Кәсіп бастау оңай шаруа емес. Оған да жүрегінің түгі бар адамдар барады. Заты әйел болса да кәсіптен нәсібін айырып отырған Әсия Зайнудинова 2009 жылдан бері жеке бизнесімен айналысып келеді.
– Бұған дейін мал жемін дайындаумен айналыстым. Тараз қаласы Ташкент көшесінде сауда желісі жақсы дамығандықтан өз үйімнің ауласында дән ұсақтайтын шағын цех ашып, кәсібімді жүргізіп келдім. Негізінен мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарға бидай мен арпадан құрама жем, кебек тартып беріп отырдым. Мал бағу оңай шаруа емес. Ауылда тұрған кезде қолымызда мал болды. Осы кәсіпті туып-өскен Мойынқұм өлкесінде қайта қолға алуды жөн көрдім. Сөйтіп отбасыммен ақылдаса келе, жаңа шаруа қожалығын құрып, ойымызды жүзеге асыруға кірістік, – дейді ол.
Өткен жылы кәсіпкер өз мүмкіндігін пайдалана отырып, малға жайлы өлкені өзі туып-өскен Жамбыл ауданына қарасты Мойынқұм өлкесінен таңдап, қора-жайын қамдап, ойға алған ісін жүзеге асырған. Ол бұл шаруаны аяғына дейін жеткізу үшін «Даму» қорының облыстық филиалына қайырылып, менеджерлердің кеңесіне жүгінген болатын. Кәсіпкер «Халық банкі» АҚ-нан несие алуға өтініш тастап, ол несие «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 14,5 пайыз жеңілдікпен беріліпті.
Әрине, бұған кәсіпкердің «Даму» қоры арқылы қол жеткізгенін айтпай кетпей болмас. Алған несиенің 8,5 пайызын «Даму» қоры субсидиялаған. Сөйтіп кәсіпкер қордың кепілдіктерін тиімді пайдалана отырып, несиеге 600 бас қой алып, жұмысын бастап кетті.
– Қандай кәсіпті бастасаң да оған қолдау керек. «Даму» қоры мен банктің қолдауы ойлаған шаруамызды жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Мақсатымыз алда асыл тұқымды мал басын көбейтіп, қожалығымызды іргелі шаруашылыққа айналдыру, – дейді Әсия Зайнудинова.