26 тамыз күні облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен өткен аппараттық жиында «Қошқар-Ата» қалдық қоймасын қалпына келтіру, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою және «Қаракөл» көлінің экологиялық ахуалын жақсарту бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Сәбит Дүйсекеновтің айтуынша, биыл облыс әкімдігі мен ҚР Энергетика министрлігі, Экология министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп «Қошқар-Ата» қоймасында кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізген.

– Зерттеу нәтижесінде топырақпен көму әдісінің тиімділігі төмен екені белгілі болды, алайда зерттелген аумақтарда шекті мөлшерден асатын радиоактивті ластану анықталмады. Осыған орай, қойма маңында биологиялық рекультивациялау жобасын әзірледі.
Аталған жоба бойынша жұмыстар 2025-2027 жылдарға арналған, жоба аясында 667 гектар жер жасыл қорғау аймағына айналады: темір қоршау қойылып, сексеуіл егіліп, суару жүйесі орнатылады. Сонымен қатар, батпақты 27 гектар аумақта техникалық қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмек, - деді Сәбит Дүйсекенов.
Сонымен қатар облыста рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою жұмыстары күшейтілуде. Ғарыштық мониторинг нәтижесінде биыл облыс аумағында 61 үйінді анықталып, олардың 16-сы жойылған. Ақтау, Жаңаөзен және Мұнайлы аудандарында жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Аталған жұмыстар толығымен 20 қыркүйекке дейін жойылмақ. Қазіргі таңда өңірде 7 тұрмыстық қатты қалдық полигоны жұмыс істейді. Бір құрылыс қалдықтарын көмуге арналған полигоны «ECSAD» ЖШС бастамасымен салынуда, құрылыс қалдықтарын қайта өңдеу жылына 20 мың тоннаға дейін қалдық қабылдауға есептелген.
Ал 2025-2027 жылдары тағы 4 жаңа полигон салу жоспарланған.
Бұдан бөлек, өңірде «Қаракөл» көлінің экологиялық жағдайын жақсарту жұмыстары қолға алынған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, көлдің су деңгейін реттеу үшін Шора каналына бөгет салу мәселесі қарастырылуда. Экология және табиғи ресурстар министрлігі көлдің деңгейлік режимін реттеу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуді ұсынды.
Жиында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай «Қошқар-Ата» қалдық қоймасына қатысты түйткілді 2026 жылдың соңына дейін толық шешу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, рұқсатсыз қоқыс төгетін кәсіпорындарға қатаң шара қолдануды тапсырды.
– Қошқар-Атаға қатысты мәселе 2026 жылдың желтоқсан айына дейін аяқталу керек. Содан кейін қайта күн тәртібіне шықпауы тиіс. Рұқсат етілмеген жерге қоқыс тастаушылардың мәселесі де өзекті болып тұр. Мекемелер мен жеке тұлғалардың көліктерін видеокамераға түсіріп, дәлелмен әлеуметтік желіге жариялаңдар. Сонда ғана халық та, кәсіп иелері де жауапкершілікті сезінеді. Қажет болса, заңбұзушы көліктерді айыппұл тұрағына қойыңдар. Қаланың тазалығы - бәрімізге ортақ міндет, - деді Нұрдәулет Қилыбай.
Маңғыстау облысының баспасөз қызметі