Нұрлан Тұрлығазыұлы, кәсіпкер, «Саумал Тау» шипажайының иесі: Тау бөктеріндегі «Саумал тауға» КЕЛІП, Ем алыңыз!

Нұрлан Тұрлығазыұлы, кәсіпкер, «Саумал Тау» шипажайының иесі: Тау бөктеріндегі «Саумал тауға» КЕЛІП, Ем алыңыз!

– Нұрлан мырза, сіздердің саумал орталығы  Алатаудың  баурайындағы Қарғалы ықшамауданының  тау бөктерінде орналасқан екен. Туыс апайымыз «осында демалып, ем алып жатырмын, сендер де келіңдер!» деп шақырған соң қонақ болып келіп қалдық. Сіздермен танысудың сәті түскен екен, алдымен өздеріңіздің жұмыстарыңыз бен саумал орталығы жайлы айта отырсаңыз. 

– Иә, хош келіпсіздер! Мен өзім туралы айтсам, жазиралы Жаркент өңірінің тумасымын. Еңбекші ауылында педагогтер отбасында дүниеге келгем. Әке-шешем ауыл мектебінде мұғалім болып істеген. Әкем Тұрлығазы Әбілқожаұлы ертеректе қайтыс болып кетті. Анам Рабия Сұлтанғазықызы шүкір, аман-есен, қазір қасымызда.  Жасым 51-де, осында тұрып жатқаныма 24 жыл болады. Жұбайым Гүлзия 6 баланың анасы, көпбалалы отбасымыз. 1993-94 жылдары әскерден келген соң жылқыға аңсарым ауып, қызыға бастадым. Көксай ауылында фазендам болды. Алғаш жүйрік ат ұстадым. Содан қасына биелерін қосып, 200 басқа дейін көбейттім. Семіртіп, соғым сатумен айналыстым. Қысы-жазы жылқы еті, қымыз үзілмейтін. Көбісі «бұл кәсіпке қалай келдің, малшының баласысың ба?» деп сұрайды.  Жалпы жылқы бағу қазақтың қанында бар нәрсе ғой. Жоғарыда айтып кеткендей, мен мұғалімнің баласымын. Ауылда көп мал асырамайтынбыз. 

Енді халыққа ем болсын, шипасын тигізсін деп жатын орнымен саумал орталығын ашып жұмыс істей бастағанымызға  бір жылдай болды. Осы Қарғалыдағы шипажайды жалға  алып емделушілерді қабылдап жатырмыз. Шүкір, жаман емес, келген жандар саумалын ішіп, риза болып кетіп жатыр. Енді келер жылы тау бөктеріндегі, табиғаты әсем Қарағайлы деген жерге (Наурызбай ауданы) орналасып, сонда көшеміз бе деген ой бар. Дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Негізі біз қысы-жазы жұмыс істейміз. Жылдың барлық мезгілінде де саумалға сұраныс үзілмейді. Демалушыларға  толық жағдай жасалған. Асханасы бөлек,  3 мезгіл тамағын береді. Бәрі таза экологиялық табиғи өнім. Қолдың сүті, айран, қымыз, ірімшік, сары май,  балғын көкөністер мен жеміс-жидектер. Таудың бөктеріндегі  таза ауа, экологиялық таза аймақтағы тыныштық, міне осылардың бәрі ем қабылдау барысында денсаулықтарының  жақсаруына  тікелей ықпалын тигізеді деп ойлаймыз. Қазір қаланың ішінде ауа таза емес. Көлік пен кептеліс көп. Әсіресе көпқабатты үйдің тұрғындары жазда ыстықтан шаршап осында келіп демалып жатады. Алыс облыстардан келіп демалушылар да бар. 

–  Саумалдың пайдасы қандай және қай адамдарға қарсы көрсетілімі бар? Сіздер үнемі осымен айналысып жүрген соң бүге-шүгесіне дейін зерттеген шығарсыздар?

– Ал енді саумалға келер болсақ, оның  адам ағзасын емдеуде пайдасы ұшан-теңіз екен. Ол  асқазан-бауыр, ішек ауруларына, жалпы асқорыту органдарына өте жақсы көмектеседі. Сондай-ақ анемия, иммунитеті әлсіздерге, өкпе ауруына, шаршауға. Құрамында С дәрумені, темір, ақуыз көп. Әсіресе бауыр, ұйқы безі ауруларында, созылмалы ауруларда, онкологиялық процестер кезінде де жақсы нәтиже береді. Химиотерапияның кері әсерін төмендетеді, науқастың өмір сүру сапасын жақсартады. Әсіресе, инфекциялық аурулардан, әртүрлі операциядан, реанимациядан кейінгі науқастарға саумал беретін болсақ, тез сауығып кетеді. Саумал ішудің де өз тәртібі бар. Оны  күніне 5 уақыт 2 сағат сайын 250 гр стақанмен қабылдау керек (бір күндік қабылдау мөлшері 1,2 литр). Қысқасы, саумал дәрі сияқты. Аз мөлшерде, дұрыс жерден алсаңыз шипа. 

Ал кімдерге саумал ішуге болмайды десек,  асқазан жарасы, гастриті барларға болмайды – саумалдың қышқылдығы жоғары. Аш қарынға ішсе, асқазанды тітіркендіреді.  Лактоза көтермейтіндер – саумалда да лактоза бар. Ішкеннен кейін іш өту, кебу болса тоқтатыңыз. Диабеті барлар – қантты көтереді. Дәрігермен ақылдасып, аз мөлшерден бастау керек. Балалар 1 жасқа дейін – иммундық жүйесі әлі мықты емес. Қайнатылмаған саумалдан инфекция жұғуы мүмкін. Аллергиясы барлар – сирек, бірақ болады. Алғаш рет 1-2 қасықтан сынап көріңіз. Жүкті және бала емізетін аналар – дәрігер рұқсат берсе ғана. Пастерленбеген саумал қауіпті болуы мүмкін.

– Ауылда Раушан деген  апамыз бар. Жасы 90-нан асқан. Оның жасындағылардың бәрі қайтыс болып кеткен. Апамыз күн жылынса қыздарына барып бір ай саумал ішуді бастайды. Бірнеше жыл болды, әлі үзбей ішіп келеді. Денсаулығының жақсы болып, сергек жүруінің сыры да осында жатыр ма дейсің. 

– Дұрыс айтасыз, әрине! Өзім куә болған мынандай жағдай орын алған еді. Мадина есімді әйелі бар бір татар кісі келді. Алғашында жары машинадан түспей отыратын. Саумалды сонда апарып беретін. Мадина онкологиялық аурумен ауырады екен. Келесі айларда да машинада қозғалмай отырып саумал ішетін. Бірте-бірте ол ақырындап көліктен түсіп, қасымызға келіп ішетін болды. Мадинаның шашы өсіп, бет-аузын түзеп, өз-өзіне қарап боянып келетін болды. Біз бұл өзгеріске қайран қалып жүрдік.  Арада 1 жылдай уақыт өтті. Бірде жұбайым шетелге барып демалып, суреттерін әлеуметтік желіге жүктеген еді. Бір әйел пікір жазыпты. «Сіздерге көп рақмет, Алла разы болсын! Еңбектеріңіз шексіз. Міне сіздердің саумалдарыңыздың арқасында жаман ауруымнан жазылдым» деп. Мәселен біз де бала-шағамызбен саумал ішеміз. Соның әсерінен қысы-жазы тұмаумен ауырған емеспіз. Сонда ол иммунитетті нығайтатын болып тұр ғой. 

– Нұрлан мырза, берген сұхбатыңызға рақмет! Осы орталыққа келіп саумал ішем деушілерге мекенжайларыңызды айтып жіберсеңіздер?

–  Сіздерге де рақмет! Біздің мекенжайымыз: Алматы қаласы,  Қарғалы ықшамауданы, Ж.Нәжімеденов көшесі, 48 үй. «Саумал тау» шипажайының бағасы қолжетімді, 15-20 мың аралығы. Байланыс телефоны: 8 707 745 4814. 

Біз саумал орталығында ем алып демалып жатқан біраз адамдармен кездесіп, әңгімелестік.  

Алуа Әбілтаева, Алматы тұрғыны, зейнеткер:  

– Осында келіп қымызды да, саумалды да ішіп жатырмын. Оның еш зияны жоқ. Қазір саумалдың түрі көп. Капсуладағы кептірілген саумал да сатып жатыр. Бірақ тірі саумалға не жетсін! Бізді жылы жүзбен қарсы алып, қызмет жасап жатқан орталық қызметкерлеріне үлкен алғыс айтамыз. Еңбектеріңіз жана берсін демекпін. 

Жұмабек Қабделов, Атырау облысы: 

– Мен Атырау облысы, Исатай ауданынан келдім. Өзім 50 жыл медицина саласында еңбек еткенмін. 20 жыл дәріхана меңгерушісі, 20 жыл аудандық ауруханада дәрігер болдым. Жарым Бағила да ауданда бас стоматолог болып істеді. Дәрігер ретінде айтарым: саумалды жиі ішіп тұрыңыздар. Ол барлық ауруға ем. Жалпы профилактикалық жағдайда да қолдану қажет, себебі бие сүті адам өмірін ұзартатын өнім екені қазіргі таңда ғылыми түрде дәлелденіп жатыр. Саумал – тағам, табиғи сусын, дәрі-дәрмек емес. Гиппократтың өзі «Ішкен тағамымыз ем болу керек, алатын еміміз тағам болуы керек» деп айтып кеткен. Осы постулатқа дәлме-дәл сай келетіні – саумал терапия. Ол біріншіден – ас, екіншіден, профилактикалық, реабилитациялық және ем-шипалық құрал ретінде де қолданылады.

Роза Әбенқызы, Қызылорда облысы: 

– Мен Сыр өңірінен келдім. Негізі өзіміздің де фазендамыз бар. Бие сүтін ұдайы ішіп тұрамыз. Бірақ бізде ауа райы қапырық, ыстық болғандықтан, осында Алматының баурайында демалып, саумал ішкенді жөн көрдім. Алматыда 50 жыл ұстаз болған Тұрсынкүл Мамырасилова деген әпкеммен келдім. Қыздары инстаграмнан жарнамасын көріп, бізді демалуға жіберді. Өзімнің асқазаным, буындарым ауыратын еді. Қазір көңіл күйіміз жаман емес, денсаулығымыз біршама жақсарып қалды. 

Сұхбаттасқан – 

Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы

20.08.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27073
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26541
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43872
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39664
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44223