Жамбыл облысы аумағындағы 180 мың гектар жер суармалы алқапқа жатады десек, бүгінгі таңда оның 110-115 мың гектарына су берілуде.
Ирригациялық жүйелерді жөндеу және реттеу бойынша атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылға дейін аталған барлық суармалы алқапқа ылғал жетеді деп көзделуде. Бұл туралы Байзақ ауданына жұмыс сапары барысында ауыл тұрғындарымен кездескен облыс әкімі Нұржан Нұржігітов атап өтті.
Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес аймақ басшысы бұл жолы Байзақ ауданына қарасты Темірбек және Жалғызтөбе ауылдық округтерінің тұрғындармен кездесті.
Басқосуға облыстық құқық қорғау органдарының басшылық өкілдері де қатысты.
Алдымен Темірбек ауылдық округінде өткен кездесуде ауылдықтар суармалы су, ауыз су, жол жөндеу, жаңа мектеп салу, жайылым тапшылығы және тағы басқа мәселелерді көтерді.
Аталған ауылдық округінде 343 аулада 2100 адам тұрады. Округке қарасты үш елді мекен де табиғи газбен қамтылған. Тегістік ауылына ауыз су тартылған десек, Сарыбұлақ ауылында бұл бағыттағы жұмыстар жүргізілуде. Ал, Шахан ауылына 2025 жылға дейін ауыз су кіргізу жоспарланған. Елді мекендерде жалпы ұзындығы 14,83 шақырымды құрайтын 21 көше бар болса, оның 11-і асфальтталған.
Облыс әкімі жергілікті жұртшылықтың сауалдарына жауап беріп, облыстық деңгейде атқарылып жатқан жұмыстарға жан-жақты тоқталды.
- Мемлекет басшының тапсырмасы және облыстың кешенді даму жоспарына сәйкес 2025 жылға дейін барлық елді мекендер таза ауыз сумен, табиғи газбен қамтылады. Жолдар мен көшелердің де жақсы және қанағаттанарлық жағдайын барынша арттырамыз. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 95 пайыздың үстінде әрі республикада ең жоғарғы нәтиже.
Барлық бағытта ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Дегенмен, мәселелер де жоқ емес. Мәселелерді кезең-кезеңімен, рет-ретімен шешіледі. Ол үшін тұрғындардың ортақ жауапкершілігі, сенімі, түсіністігі қажет.
Ауылдықтардың ортақ күшімен де көп мәселені шешуге болады. Оған «Асарлатып үй салу» жобасы және жаппай сенбіліктер мысал бола алады. Тұрғындар бірлесе отырып, арық тазалау, қоқыс шығару, тал отырғызу секілді жұмыстарды жұмыла істесе, оның тәрбиелік мәні де жоғары болар еді,-деді Нұржан Нұржігітов.
Дәл осындай форматтағы кездесу Жалғызтөбе ауылдық округінде де ұйымдастырылды. Мұндағы тұрғындар дәрігерлік амбулатория, спорт кешенін салу, жол белігілерін орнату, су каналын жөндеу секілді мәселелерге назар аудартты.
Барлық сұрақтарға нақты жауаптар берілді.
Кездесулерден соң облыс әкімі ауылдықтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.
Айта кетейік, өткен жылы облыстағы барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен 1226 кездесуі өтсе, ағымдағы жыл басынан бері 400-ге жуық кездесу ұйымдастырылған.