Жүйе жаңғырмайынша, қоғамның жаңғыруы екіталай. Ал Жаңа Қазақстанды құру үшін жаңа көзқарас пен жаңа реформалар қажет. Уақыттың өзі талап етіп отырған өзгерістер жүйесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында нақты көрініс тапқан. Осы жарқын болашаққа бастайтын айқын міндеттер қалай жүзеге асырылады? Жастарды толғандыратын жайт осы. Өңір басшысының жамбылдық жастармен кездесуіне арқау болған тақырып та – осы. Жолдаудан туындаған мақсат-мұраттарға жету жолындағы іс-шаралар жоспарын жастарға жеткізу.
Жалпы аталмыш бағытта жүргізілетін нақты жұмыс жоспарын түсіндіру мақсатында өңірімізде 11 ақпараттық топ құрылған. Олар бүгінде әр ауданды аралап, халықпен кездесу өткізуде. Жұртпен жүздесудің негізгі мақсаты да – елге етене жақындай түсу, өтініш-пікіріне құлақ түру екені түсінікті. Дулати университетінде өткен кездесу де тура осындай форматта өрбіді. Ақыл айтып, кеңес беруден бұрын, жастармен келелі әңгіме өрбіді.
Облыс әкімі Бердібек Машбекұлы өңірдегі жүргізіліп жатқан жастар саясаты туралы әңгіме қозғады. Жас буынның әлеуметтік мәселелерін шешу мақсатында қабылданған «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдараламасы» жайында кеңінен тоқталды. Сондай-ақ өнерлі, білімді, спортшы жастарды қолдау үшін «Әулиеата үміті» сыйлығы тағайындалғанын, бұл жобаның биыл да жалғасын табатынын жеткізді.
Жиында жастар да өз ұсыныс-пікірлерін еркін жеткізді. Тараз қаласындағы №3 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, жас ғалым Ерсұлтан Нүсіпжанов өзгерістердің басталуын күтіп жүрмей, әркім өзі атсалысуы керек екенін айтты.
Ұсыныс-пікірін ашық айтқан жастардың арасында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенттері де бар. Бұған дейін де студенттердің түрлі іс-шараларында мәселе көтеріп, белсенділігімен көзге түсіп жүрген «Технологиялық факультеті», «Өнеркәсіпте стандарттау және сапаны басқару» мамандығының 2 курс студенті, «Тәуелсіздік ұрпақтары» республикалық байқауының «Бизнес» аталымы бойынша грант иегері Жасұлан Дүйсенидің сөзі жастарды жігерлендіргені анық. «Өзгерістерді өзіңнен бастау керек» деген жас кәсіпкер қоғамдағы түйткілдерді айқындап, шешімін табуға студенттердің де үлес қосуға дайын екенін жеткізді. Оның жол туралы айтқан өтінішін назарға алған Бердібек Сапарбаев студент сұрағына ашық жауап берді.
Сондай-ақ өңір басшысы Дулати университетінің магистранты, «Әулиеата үміті» облыстық жастар сыйлығының «Үздік жас ғалым» номинациясының иегері Көркемжан Бақытжанқызының «Балалар жылына» орай облыстық телеарнада дарынды жеткіншектерге арналған бағдарлама ашу туралы ұсынысын қолдайтынын жеткізді.
Еркін форматта өткен кездесуде түрлі салада жетістікке жеткен бір топ жастар өз ойларын ортаға салды.
Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев студенттердің белсенділік танытып, сұрақ қойып, ашық түрде мәселе көтергеніне ризашылығын білдірді. Осындай диалог аға буын мен кейінгі толқын арасында болуы тиістігін атап өткен өңір басшысы жастармен жүздесуде осындай ашық алаң ұсынып отырған университет ректоры Талғат Ешенқұловқа алғыс айтты.