Аудандағы 2022-2025 жылдары 13 инвестициялық жобалар жүзеге аспақ. Нәтижесінде 441 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Бұдан бөлек осы кезеңге 59 шағын жоба жоспарланған (301 жаңа жұмыс орны).
Нұржан Нұржігітов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әрбір 10 мың тұрғын үшін жыл сайын 100 жұмыс орнын ашу міндетінің маңыздылығын айрықша атап өтті.
Ауданда биыл 80 пәтерден тұратын 4 көпқабатты үйдің (жалпы 320 пәтер) құрылысын жүзеге асыру үшін сметалық құжаттамалар әзірленіп, бюджеттік өтінім ұсынылған. Қосымша тағы 2 тұрғын үйдің құжаттары әзірленуде (160 пәтер).
Қазіргі таңда 42 ауылдық елді мекеннің 30-ы таза ауыз сумен қамтылған, биыл бұл көрсеткіш 37-ге жететін болады. Ал, 29 елді мекен газға қосылған десек, биыл тағы магистральды газ құбырының құрылысының арқасында 9 ауылға көгілдір отын жетеді деп көзделуде. Жалпы, аудандағы ауылдардың газбен және ауыз сумен қамту деңгейі 2025 жылы 100 пайызға жетеді деп жоспарланған.
Жиында жайылым, егістік, әлеуметтік нысандардың құрылысы, жолдарды жөндеу, қоқыс үйінділерінің жиналуы, ауыл шаруашығындағы субсидия беру, балалар жылына арналған жоспарлы шаралар, жастар тәрбиесі секілді тағы басқа мәселелер сараланды.
Аймақ басшысы бірқатар сұрақтар бойынша аудандық салалық бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдерінен жауаптар алды.
— Ауылдық округ әкімдері Жайылым туралы заңды оқыған болса, соған сәйкес жұмыстар жүргізсе, ол ауылда жайылым мәселесі туындамас еді.
Егіншілікпен, көкөніс өсіруге ниетті шаруаларға жер тауып беру керекпіз. Осы орайда әр ауылдың бір бағытта айналысуы маңызды.
Балық шаруашылығына баса назар аударып, форель өсіру жобасына барынша көңіл бөлу қажет. Бұл бір жағынан балық шаруашылығын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берсе, екінші жағынан тұрғындар үшін таптырмас демалыс орны болады.
Біз тек бюджет қаражатын тиімді игеріп қана қоймай, инвестиция тарту, жобаларды жүзеге асыру, тұрғындардың тұрмысын жақсарту, қосымша қаржы көздерін қарастыру бойынша үйлесімді жұмыстар жүргізуге тиіспіз,-деді облыс әкімі.