Ой-өрісті кеңейтер «Кітап керуен»

Ой-өрісті кеңейтер  «Кітап керуен»

Ақтауда Қабиболла Сыдиықұлы атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасында алғаш рет «Кітап керуен – Ақтау» кітап фестивалі өтті.

Кітап фестивалінің ашылу салтанатына елімізге танымал ақын-жазушылар, атап айтқанда Роза Мұқанова, Ақберен Елгезек, Оңайгүл Тұржан, Көмек Ыбырайұлы, Мақпал Мыса, Қанат Тілеухан, Ұларбек Нұрғалым, Бақытгүл Сармекова және өзге де қаламгерлер арнайы қатысты.

Рухани іс-шараның ашылу салтанатында алғы сөз сөйлеген жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Роза Мұқанова кітаптың адамның ой-өресін өрлетіп, көркем әдебиеттің көңіл көкжиегін кеңейтетін ерекше құдірет пен қасиетке ие екенін айта келе, оқу-білімнің адам болмысын ізгілендіре, кісілігін кемелдендіре түсетін керемет құрал екенін ескертті. Әдебиет әлем сырын әспеттейтін әлеуетке ие, жазушы алдымен адам жанына үңіледі. Әдебиет – әлеми дүниелердің тұмасы деп әсте бекер айтылмаса керек. Роза Мұқанова балаң жастан бала санасына сөз киесін сіңіру оның сыртқы тұлғасын да, ішкі жан дүниесін де көріктендіріп тұратынын айтты.

Ал балалар жазушысы Көмек Ыбырайұлы соңғы кездері кітапханаға бас сұғатын балаң оқырмандардың қатары басым екенін байқайтынын, кітапқа құмар ұрпақ буыны қалыптасып келе жатқанын қуана жеткізді.

Ақын, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Оңайгүл Тұржан фестивальдің ұлттық руханиятты ұлықтаудағы маңызы жөнінде пікір білдірді.

«Ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, ежелгі Месопотамиядағы алғашқы ақын – Энхедуанна есімді әйел. Біздің заманымызға дейінгі XXIII ғасырда өмір сүрген Энхедуанна – тарихта аты қалған ең алғашқы ақын ретінде белгілі. Адамзаттық құндылықтың бастауы мінеки ықылым замандардан тамыр тартады. Әдебиет мақтауға мұқтаж емес. Қазақ әдебиетіне қамқорлық қажет. Шын мәнісінде әлемдік материалдық игілік емес, рухани құндылықтар билейді. Мұндай іс-шара осы тұжырымымызды дәйектей түседі, кітап оқудың маңызын жұртшылыққа насихаттау үлкен рөл ойнайды», – деп атап өтті Оңайгүл Тұржан.

Сондай-ақ Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов ұлт әдебиетінің жанашырлары ұлы міндетті арқалап жүргенін, ал көне заманнан бір кідірмеген кітап керуені ұзақ жылдардың ұшар басына ұзап кете беретінін үлкен сеніммен айтты.

Ерекше айта кететін дүние, түбекте тұңғыш рет өткен кітап фестивалі аясында облыстық кітапхана фойесінде отандық нарықтағы беделді баспа өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Олардың қатарында Qasym kitap, Steppe&World, Абай, Арман-ПВ, ZIYAT, SANA, MAZMUNDAMA, Marfu, Отбасы Хрестоматиясы, WIK HOUSE сынды баспалар бар.

«SANA баспасының құрылғанына бір жылға жуықтады. Отандық баспа нарығында орнымызды табуға тырысып келеміз. Басты ерекшелігіміз – кітап мұқабасының бояуы қанық, сапасы жоғары, пішіні шағын, яғни ағылшынша айтқанда «pocket book» форматында. Әсіресе балалар әдебиетінің үздік үлгілерін басып шығаруға басымдық береміз», – дейді баспаның өкілі Аружан.

Кітап жәрмеңкесі аясында қазіргі қазақ әдебиетіндегі жаңа құбылыстар, тың бағыттар талқыланған секциялық отырыстар мен ақын-жазушылардың жаңа кітаптарының таныстырылымы өтті.

Екі күнге созылған іс-шара аясында қосқабатты қоғамдық көлік қала көшелерін аралап, көпшілікке кітап оқудың маңызын насихаттады.

 

Ұлттық әдебиет және адамзаттық идея

 

Әдебиет те тірі ағза тәрізді. Уақыт керуені ілгері озған сайын қайта түлеп, жаңарып отырады. Жаһандық жаңғыру тұсында қазақ әдебиеті кеңістігіндегі жаңа толқынның көркемдік танымдары, дәстүр мен тың ізденістері жайлы ой толғау орынды. Кең ауқымды кітап фестивалі аясында өткен «Ұлттық әдебиет және адамзаттық идея» атты секциялық отырыс та осы межені орындауды көздейді.

Отырыста алдымен сөз алған жазушы, журналист Қанат Тілеухан көркем әдебиет ұлттық жадыны сақтау құралы ретінде аса маңызды қызмет атқаратынын айта келе, еліміздің тәуелсіздік алуы ұлттық әдеби өмір шежіресінде жаңа тарихи кезеңнің бастау алуына себеп болғанын атап өтті.

«Қазақ әдебиетінің «Алтын дәуірінің» тұма бастауы – Абай, одан кейінгі әдеби дәуірдегі Әуезов, Мағжан мен Ілиястар жалғаған зиялы топ интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясын ұсынған ұлы тұлғалар еді. Елге егемендіктің лебі ескен тұста ұлттық рухтың жаңғыруы әдеби әлемде игі үрдістер мен жаңа көркемдік даму арналарының қалыптасуына түрткі болды. Соңғы кездері тоқсаныншы жылдардан кейін қазақ әдебиеті тоқырауға тап болды деген жаңсақ пікір етек жайғанын аңғарамыз. Алайда мен бұл пікірмен келіспеймін. Қазір роман көптеп жазылып жатыр. Ырысбек Дәбейдің екі романы «Бату хан» мен «Жошы хан», Ақберен Елгезектің «Дария», Әлішер Рахаттың «Иесіз көлеңкесі». Бұл үрдіс шын мәнінде қуантады», – деп атап өтті Қанат Тілеухан.

Жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанова қазақ әдебиетінің қазіргі беталысы, алдағы даму бағдары жөнінде баяндады.

«Адам болмысының терең иірімдеріне бойлаудың сан тарау көркемдік тәсілдерін шеберлікпен меңгерген шын суреткер отыз-қырық жылда бір туады. Сонау алпысыншы жылдардағыдай қазақ әдебиетінің көшіне үркердей топ келіп қосылуы мүмкін. Оқырманның талғамы мен ой-санасын төңкеріп салатын талант жалқыланып барады.

Жазушы мен оқырман арасындағы байланыс кейіпкер арқылы жүзеге асады. Сол кейіпкердің қызғылықты, бояуы сембеген болмысын сомдау, характерін ашу маңызды. Оқырманы іздеп жүретін жазушы ғана – «жаны тірі». Оқырмансыз әдебиет те, жазушы да – тұл жетім.

Қазақ әдебиетінің әлемдік деңгейдегі әдебиет екенін ұлы ағаларымыз айтып кеткен. Тек соны насихаттау, оқырманға жеткізу жағы жетіңкіремей жатыр. Сондықтан мұндай іс-шаралардың аясы кеңеюі тиіс», – деп атап өтті Роза Мұқанова.

Ақын, аудармашы Оңайгүл Тұржан төл әдебиетіміздің көкжиегі кеңейіп, әлем әдебиетінің даму көшіне қосылып жатқанын атап өтті. Ол қазақтың ұлттық әдебиетіне жаңа ұрпақ қосылып, жаңа әдебиеттің жақсы үлгілерінің қалыптасуы оң үрдіс екенін жеткізді.

«Қазақ дүниетанымы терең, данышпан халық. Осы қасиет төл әдебиетімізде көрініс табуы тиіс. Еліктеуден, үйретінді нәрсені жазудан бойды аулақ ұстау керек», – деп атап өтті ол.

Секциялық отырыста ақын, журналист Гүлайым Дәуітбайдың пікірінше, ұлт әдебиетінің көрнекті өкілдері, ақын-жазушыларымыз ұлтты ұйыстыру жолындағы ұлы миссияға қалтқысыз қызмет етіп жүр.

«Үш жүз жыл бойы бодандықта болған ұлттың әдебиеті түрлі формацияларды бастан өткерді. Қазір ұлт құндылығына қаныққан қазақ әдебиеті әлемге қадам басып келеді. Қазақ әдебиетінің қоржыны оқырманға сара ой салатын, сарабдал шығармалармен толығатынына сенемін», – деді Гүлайым Дәуітбай.

 

Голрох ЖЕМЕНЕЙ,

Маңғыстау облысы

28.05.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26249
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25694
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43077
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38892
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43483