«Самұрық-Қазына» акционерлік қорының құрылғанына биыл 15 жыл толып отыр, осыған байланысты оның балаларға сыйық жасауы жалғасын табуда. Акционерлік қоғамның демеушілігімен Тараз қаласында орналасқан «Үміт» мамандандырылған сәбилер үйінің қасынан балалар ойын алаңы ашылды. Ол «Балаларға күлкі сыйла!» жобасы аясында «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры арқылы жүзеге асырылған болатын. Жаңа ойын алаңының құрылыс жұмысына 24 миллион теңге жұмсалған.
Жаңа ойын алаңының ашылу салтанатында Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил қатысып, жоба демеушілеріне қала басшылығының алғысын жеткізді. Жоба нәтижесінде мүмкіндігі шектеулі және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндер бақытты балалық шақтың қуанышы мен ересектер мейірімін түйсініп ер жетпек. Тиісінше бос уақытты тиімді ұйымдастыру арқылы тәрбиелік жұмыстарға айрықша көңіл бөлінбек.
«Бүгін, міне, қасиетті Жамбыл жерінде балалар үйіне арналған ойын алаңын ашып отырмыз. Бұл қуанышты жағдай. Халқымызда «Жетім көрсең, жебей жүр» деген жақсы сөз бар. Барша «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» қоры арқылы қаржыландырған жобаның «Балаларға күлкі сыйла!» аталуы да жанға жылулық сыйлайды. Баршаңызды компаниялар тобы атынан бүгінгі игілікті іспен құттықтап, табыс тілеймін», – деді «ХИМ-плюс» ЖШС бас директоры міндетін атқарушы Дәулет Жүніспаев.
«Баршаңызды ойын алаңының ашылуымен құттықтаймын! Балалардың жайнаған жүзін көріп, күміс күлкісін естіп, алаңсыз бақытты балалық шағын тамашалағаннан артық ғажап не бар? Сондықтан, бүгінгі іс-шараның маңызы ерекше. Ойын алаңының ашылуы «Самұрық қазына-Траст» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры «Самұрық-Қазына» акционерлік қорына алғыс айтамыз», – деді облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының орынбасары Перизат Үмбетәлі.
Көлемі 300 шаршы метр түрлі түсті көңілді алаңда 13 ойын құралы орнатылған. Мұнда сан алуан дене шынықтыру сабақтарын, спорттық және шығармашылық сайыстар өткізу қарастырылған.