Олжас Бектенов: Мемлекет ешкімді далада қалдырмайды

Олжас Бектенов:  Мемлекет  ешкімді   далада   қалдырмайды

Ақтөбе облысындағы су тасқыны жағдайын тексеріп, Мемлекет басшысының тапсырмаларының жергілікті жерлерде орындалу барысымен танысу үшін өңірге ҚР Премьер-министрі, Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны зардаптарын жою жөніндегі республикалық штабтың басшысы Олжас Бектенов келген-ді. Премьер-министр өңірдегі су басқан аймақтар мен су қоймаларды аралап, зардап шеккен тұрғындармен кездесті.  

Олжас Бектенов бірқатар су қоймаларын тікұшақпен аралап, су тасқынынан зардап шеккен үйлерге барды, сондай-ақ ахуалдық орталықтың жұмысымен танысып, республикалық штабтың отырысын өткізді. Штабта тұтас еліміздегі жағдай туралы айтылды. Премьер-министр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша су басқан үйлердің барлығы құжаттардың бар-жоғына қарамастан, қалпына келтірілетінін, мемлекет ешкімді баспанасыз, далада қалдырмайтынын айтты. Фермерлер мен ауылшаруашылығы жануарларының иелеріне ерекше назар аударылды. Ауыл шаруашылығы министрлігі шығынды өтеу мәселесін шешіп жатыр. 

Облыс әкімдігі берген дерекке сүйенсек, облыста тасқын қаупі әлі сейілген жоқ. Қазір өзендердің көпшілігінде су арнасынан асып кеткелі тұр. Өңірде 772 үй су астында қалды. 

Облыстың 5 ауданында (Қобда, Мұғалжар, Темір, Әйтеке би, Ойыл) және Ақтөбе қаласында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. 

Су тасқынына қарсы іс-шараларға жеке құрамнан 3140 адам, 664 техника жұмылдырылды. Барлығы 8 763 адам қауіпсіз жерге көшірілді.

Олжас Бектенов көлемі 15,8 млн м3 болатын Мағаджан бөгетін де көрді, онда қарғын су ағыны салдарынан Мағаджан су қоймасының бөгеті бұзылды. 

Қызылту ауылынан 25 адам, Табантал қыстағынан 11 адам эвакуацияланды.

 

 

Сонымен қатар болжамдарға сәйкес, 5-11 сәуір аралығында облыстың барлық аумағында ауа температурасы айтарлықтай жылынуы мүмкін, қатты жауын-шашын күтілмейді. Осыған байланысты су тасқынынан зардап шеккен ауылдармен қатар қайта су алып кету қаупі жоқ аймақтардағы елді мекендердің тыныс-тіршілігін де қалпына келтіруге назар аударылды. Мәселен, қазірдің өзінде 26 елді мекенде электр қуатымен жабдықтау қалпына келтірілді. 

Республикалық маңызы бар – 9, облыстық маңызы бар 3 жолда және 9 аудандық маңызы бар жолда судың тоқтауына байланысты көлік қозғалысына қойылған шектеулер алынып тасталды. Ойыл ауданы мен Ш.Берсиев ауылдық округінің арасындағы су шайып кеткен көпір орнына қалқымалы тірек понтоннан тұратын паром жасақталды. 60 тоннаға дейін жүк көтере алатын паромды Қонаев гарнизонының инженерлік-саперлік бригадасының мамандары жасақтаған. Жексенбі күні әскерилер паром арқылы 150 адамды эвакуациялап, үш тоннаға жуық гуманитарлық көмекті жеткізіп берді. 

Үкімет басшысы Олжас Бектенов су тасқыны салдарын жойғаннан кейін коммуналдық және жекеменшіктегі гидротехникалық құрылыстарда жан-жақты тексерулер жүргізуді тапсырды. 

Ақтөбеге келген Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин де облыс әкімі Асхат Шахаров, Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекетпен бірге Ақтөбе қаласы аумағындағы Кірпішті тұрғын алабындағы бау-бақша ұжымдарын аралап шықты. Облыста 689 саяжай үйі су астында қалып отыр. 

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің төтенше жағдайларды жою басқармасының бас маманы Нұрбек Оралбаевтың айтуынша, 8 сәуір күні түнгі 2.40-тан бастап Ақтөбе қаласында Қарғалы су қоймасында еріген суының ағыны ұлғайып, Қарғалы өзенінде су деңгейі көтерілген. Осыған байланысты су басу қаупі туындаған «Ақжар», «Жилянка», «Солнечный», «Садовое», «Эко» бау-бақша ұжымдарындағы тұрғындар көшіріліп жатыр. 

Үкімет мүшелері су тасқынынан зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетілетінін айтты. Әкімдік тізімдері бойынша су тасқынынан зардап шеккендер санатына жатқызылған барлық азаматтарға несиелер бойынша жылдың маусым айының соңына дейін 3 айға несие төлемдерін автоматты түрде кейінге шегеру мүмкіндігі беріледі, сонымен қатар төлемдерді кешіктіргені үшін айыппұлдар мен өсімпұлдар салынбайды. 

Шығынды өтеу комиссиясына үш күн ішінде материалдық шығындарды өтеу туралы 1623 өтініш түскен. Алгоритмге сәйкес, төтенше жағдай орын алған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде келтірілген шығынды өтеу туралы жергілікті әкімдіктерге өтініш беріледі.  Мүлікті бағалау кезінде, келтірілген залал 80 пайыздан асатын болса, мүлік жойылды деп танылып, жаңа үй салынады.

Сонымен қатар Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен және қиын жағдайға тап болған әр отбасы әкімдікке тиісті өтінішпен жүгіну арқылы бір реттік төлем ала алады. 

 

М.ТАБЫН, 

Ақтөбе облысы

 

11.04.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 212
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 208
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 713
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 836
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 750

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8907
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8301
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11529
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9285
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10513