Өндіріс орындарын ашуда Сыр елінен үлгі ал!

Өндіріс орындарын ашуда Сыр елінен үлгі ал!

Бүгінге дейін ине де шығара алмаймыз деп шағымданатын едік. Енді міне, жыл өткен сайын жаңа серпіндер, заңғарлы зауыттар іске қосылып, қарқынды алға алып келеміз. Алдағы уақытта Сыр елінен шыны да өңделеді, сантехникалық тауарлар да таралады. Олай дейтінім әлемге әйгілі испандық «Roca Group» компаниясының санитарлық-техникалық жабдықтар зауытының іргетасы біздің өңірде де қаланды. 

Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, «Roca Group» компаниясының бас директоры Даниэль Хурадо Эрнандес, Испания елшілігінің сауда-экономикалық кеңесшісі Хесус Видаль Боррелья, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, құрылыс компанияларының директорлары, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.

«Roca Group» – жүз жылдан астам тарихы бар, сантехникалық жабдықтар өндіру саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі. Компания әлем бойынша 78 өндірістік алаңды басқарады. Онда 20 мыңнан астам адам еңбек етеді. Өнімдері 170-тен астам елге экспортталады. Бұл деген теңдессіз жоба емес пе?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвестиция тарту және заманауи өндірісті дамыту жөніндегі тапсырмасына орай, өңірде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан.  «Күшке күш қосылса құп, елге ел қосылса құт» демекші, аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев зауыттың іргетасын қалауға қатысты:

– Мемлекет басшысының «Жаңа инвестициялар ең алдымен еліміздегі заманауи өнеркәсіптің негізін қалыптастыруға бағытталуы керек» дегені жадымызда.  Сондықтанда кейінгі жылдары өңіріміздің инвестициялық әлеуеті артып, ірі жобалар табысты жүзеге асуда. Аймақ экономикасына 2,3 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Алдағы үш жылда 1,9 трлн теңгеге 48 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Нәтижесінде 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылатын болады.

Біз еліміз үшін маңызды, жоғары технологиялық өндіріс орнының капсуласын салу рәсімінің куәсі болдық. Осындай ауқымды жобаны Сыр өңірінде жүзеге асырғаны үшін испандық «Roca Group» компаниясына ел риза. Бұл бастама өңір экономикасына жаңа серпін беріп, экспорттық әлеуетті арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Отандық және шетелдік инвесторлармен әрдайым ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнатып, нәтижелі жұмыс істеуге дайын. 

Айта кету керек, жоба «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ қолдауымен жүзеге асырылуда. Roca Group компаниясымен ынтымақтастық 2024 жылдың желтоқсан айында сол кездегі аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың Испанияға жұмыс сапары барысында басталды. Былтыр маусым айында Премьер-министр Олжас Бектенов Roca Group директорлар кеңесінің төрағасы Сантьяго де Гомар Рокамен кездесіп, Қызылорда облысында сантехникалық зауыт салу жобасын жүзеге асыру, инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі нығайту перспективаларын талқылаған болатын. 

Кездесуде ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Қызылорда облысының әкімдігі және Roca Group инвестициялық жобаны жүзеге асыру қағидаттары туралы негіздемелік келісімге қол қойды. Бұл құжат арқылы тараптар санитарлық-техникалық бұйымдар шығаратын зауыт жобасын бірлесіп жүзеге асыруға ниетті екенін ресми дәлелдеді.  

Қазан айындағы Сыр өңіріне жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына таныстырылған инвестициялық жобалар қатарында Roca Group компаниясының сантехникалық бұйымдар өндірісі де бар.

Бұл – Қазақстандағы экологиялық қауіпсіздіктің халықаралық стандарттарына сәйкес келетін санитарлық-техникалық өнімдер шығаратын алғашқы өндіріс орны. Зауытқа 24 гектар жер телімі бөлінді, 44,1 млрд теңге инвестиция салынады. Жылдық өндірістік қуаты 500 мың бұйымға дейін жетеді. Өндірілген өнім Қазақстанның ішкі нарығына жеткізіліп, Орталық Азия елдеріне экспортталады. Демек, «елді іс біріктіреді». Сонымен қатар 300-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады, жергілікті мамандарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру көзделген. Компания жыл соңына дейін смесительдер мен инсталляциялық жүйелерді құрастыратын өндіріс орнын іске қосуды жоспарлап отыр. Ал компания өнімдері ұсынылатын шоурумдар Астана және Алматы қалаларында маусым айында ашылады деп күтілуде. 

 Аптадағы аймақтағы  алғаулы жаңалықтың бірі «Seven Rivers» компаниясы шыны ыдыстар зауытының капсуласын салу рәсімінің өткені. Зауыттар мен өндіріс орындарын ашудың көптеген экономикалық және әлеуметтік пайдасы бар екенін ескерсек, бұл елдің байлығы дейсің. Мәселен, өндіріс орындарының ашылуы ең бірінші жұмыс орындарының құрылуы деген сөз. Зауыттар жаңа жұмыс орындарын ашып, халықты жұмыспен қамту деңгейін арттырады. Бұл тұрғындардың табысын көбейтеді. Экономиканың даму тұрғысынан алғанда  өндіріс көлемінің артуы елдің жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) өсуіне ықпал етеді және экономиканы нығайтады. Салық түсімдерін көбейтеді. Кәсіпорындар мемлекетке салық төлейді, бұл қаражат білім беру, денсаулық сақтау және инфрақұрылым сияқты салаларды дамытуға жұмсалады. Импортқа тәуелділік азаяды. Ел ішінде өндірілген өнімдер шетелден әкелінетін тауарлардың орнын басып, импорт көлемін қысқартады және экспортты арттырады. Сапалы өнімдер шетел нарығына шығарылып, елге қосымша валюта түсіреді. Міне, «Seven Riversпен» жұмыс та осы жетістіктерді еселемек. Осындай ордалы істің басында жүрген Қызылордада облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, «Seven Rivers» серіктестігінің құрылтайшысы Ануар Үмбетаев, қорғау органдарының бірінші басшылары, құрылыс компанияларының директорлары, зиялы қауым өкілдері және ел ағаларының қатысуымен «Seven Rivers» компаниясы шыны ыдыстар зауытының капсуласын салу рәсіміне қатысты.  Жақында Премьер-министрдің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған Нұрлыбек Машбекұлы облысты басқарған тұста өңір экономикасына 2,3 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Алдағы үш жылда 1,9 трлн теңгеге 48 инвестициялық жобаны жүзеге асыру, 10 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.

– Өткенде ғана  «Марал Нұр» серіктестігінің вагон жөндеу және техникалық қызмет көрсету кешені  ашылды. Енді испандық «Рока групп» компаниясының жылына 500 мыңға дейін санитарлық-техникалық өнім шығаратын жоғары технологиялық зауытының іргетасы қаланды.

Еліміз, өңіріміз үшін маңызды жаңа өндіріс орындары экономиканы әртараптандыруға, тұрғындарымыздың өмір сүру сапасын арттыруға жаңа серпін беретін болмақ.

Айта кету керек, «Қазақ-Герман» бизнес-форумы аясында ынтымақтастықты дамыту туралы меморандумға қол қойылып, 60 млрд теңгеге жылына 240 млн дана шыны ыдыс өндіретін зауыт салу келісілген болатын. Кәсіпорында 500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Зауытқа барлық инженерлік инфрақұрылымы жүргізілген «Өндіріс» индустриялық аймағынан 38 гектар жер телімі бөлінді. Қаржыландыру мәселесі «Өнеркәсіпті дамыту қорының» «Жасыл даму» бағдарламасы аясында қарастырылуда. Ел аумағынан жиналған шыны қалдықтарын қайта өңдеу арқылы бәсекеге қабілетті өнім шығару және импортты алмастыру көзделген.  Бұдан бөлек, өңірдегі жоғары сапалы кварц құмы, әк және доломит қорларын тиімді пайдалану арқылы шыны өндірісі төңірегінде жаңа ілеспе кәсіпорындарды дамытуға мүмкіндік жасалып отыр. Бұл күндері елімізде машина жасау саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Демек, Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған міндеттерге сәйкес, тұрақты әрі болжамды инвестициялық орта қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқаны – болашаққа нық қадам. Кейінгі жылдары өңірде машина жасау саласы қарқынды дамып келеді. Жыл басынан бері 7,9 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 4,7 пайыз болған. Өңірдің географиялық жағынан тиімді орналасуы да көлік-логистикалық әлеуетті арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Атап айтқанда, Қызылорда облысы халықаралық маңызы бар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің бойында орналасқан. Облыс аумағынан 1 мың шақырымнан асатын магистральдық теміржол желісі өтеді. Жыл басынан бері 400 мыңнан астам жолаушы және 6 млн тоннадан астам жүк тасымалданған. Жаңа кешен жылына 600-ден астам вагонға техникалық қызмет көрсетеді, 100 жаңа жұмыс орны ашылады.

Осы ретте, шетелдік серіктестерге, соның ішінде Қытай Халық Республикасынан келген инвесторларға көрсетілген сенім мен ынтымақтық табыс кепілі. Демек, отандық және шетелдік инвесторлармен ашық әрі тиімді әріптестікті одан әрі дамыту өндірісті өркендетудің бірден-бір жолы. Айта кетейік, өңір экономикасын әртараптандыру және жаңа өндіріс орындарын ашу мақсатында алдағы үш жылға 1,9 трлн теңгенің 48 инвестициялық жобасы жоспарланып отыр. Бұл жобалар аясында 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.  Биыл 100 млрд теңгеге 21 инвестициялық жобаны іске қосу көзделсе, алдағы уақытта құны 1 трлн теңгеден асатын 14 ірі жобаның құрылысы қолға алынады. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасымен облыста егінді әр тараптандыру суды аз қажет ететін дақылдарды егуге көшу және су үнемдеу технологиясын енгізу іс-шаралары қарқынды жүргізілуде. Бұл деген класстерлік жүйеге батыл қадам. Сондай-ақ инвестиция тарту мен бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасалып жатыр. Құны 1 млрд теңге болатын газоблок өндіру зауытының іске қосылуы құптарлық. Ал Оңтүстік Кореяның қатысуымен түрлі заттарды сұрыптау пластик бұйымдарды қағаз және картон өндіретін болады.

Қорытындылай келгенде, зауыттар мен өндіріс орындарын ашу – ел экономикасын дамытудың маңызды тетіктерінің бірі. Өндірістің дамуы жаңа жұмыс орындарын құрып, халықтың әл-ауқатын арттырады, мемлекеттік бюджетке түсетін кірісті көбейтеді және аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етеді. Сонымен қатар, отандық өндірістің өсуі импортқа тәуелділікті азайтып, елдің бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді. Сондықтан өндіріс саласын қолдау мен дамыту мемлекет үшін де, қоғам үшін де стратегиялық маңызы зор бағыт. 

Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, 

Қызылорда облысы

25.06.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26002
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25453
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42851
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38673
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43249