Биылғы жылды Мемлекет басшысы «Балалар жылы» деп жариялағаны белгілі. Осыған орай жуырда Орал қаласында мүмкіндігі шектеулі балалар арасында шығармашылық фестиваль ұйымдастырылды.
Қайырымдылық айлығымен тұспа-тұс келген қалалық байқаудың мақсаты – жас таланттардың шығармашылығы мен өнерін насихаттап, олардың ішкі әлеуетін іске асыру, қоғам өміріне белсене араласуын қамтамасыз ету. Өнер додасына «Эстрадалық вокал», «Үздік жасампаз», «Көркем сөз оқу», «Аспапта ойнау», «Хореография» аталымдары бойынша жас ерекшеліктеріне қарай 7-18 жас аралығындағы 50-ден астам бала қатысты.
Мүмкіндігі шектеулі балалардың мәдениет пен өнер арқылы әлеуметтік бейімделу процесін дамытуға қолдау көрсетуге, қоғамның мәдени өміріне белсенді тартуға бағытталған байқауды қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ұйымдастырды.
– Жаңа таланттарды анықтауға, қатысушылардың кәсіби шеберліктерін, олардың өзара қарым-қатынастарын жетілдіруге, шығармашылықпен белсенді айналысуына жағдайлар жасауға, жетістіктерін көрсетуге және тәжірибе алмасуға бағытталған фестиваль жоғары деңгейде өтті. Бұл күннің балаларға да ерекше көңіл күй сыйлағаны байқалды. Олардың дайындаған ән-билері, мәнерлеп оқуы мен қолөнері, аспапта ойнауы кештің ажарын аша түсті. Еркін қозғалып, сөйлей алмаса да, өздерінің бар күш-жігерлерін салып, өнерлерін көрсетті. Осы іс-шараға демеуші болып, қолдау білдірген кәсіпкерлерге алғысымыз шексіз, – дейді аталмыш бөлімге қарасты зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығының басшысы Абзал Молдағалиев.
Фестиваль соңында әділ қазылар алқасының шешімімен жүлдегерлердің есімдері белгілі болды. Сондай-ақ қатысушылардың барлығы дипломдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.