Атырау облыстық балалар ауруханасына Алматы қаласындағы Medical Park орталығынан жоғары санатты бет-жақ хирургі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Серік Нұрмағанов арнайы шақырылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Маманның қатысуымен өңір дәрігерлеріне арналған шеберлік сабағы ұйымдастырылып, туа біткен бет-жақ ақаулары бар балаларға күрделі операциялар жасау тәсілдері көрсетілді.
Алғашқы ота 1 жас 9 айлық балаға жасалды. Дәрігерлер ота сәтті өткенін айтып, мұндай тәжірибе алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
– Қазір облыста бет-жақ сүйектерінде түрлі ауытқуы бар 300-ге жуық бала есепте тұр. Соның ішінде таңдай жырығы диагнозы қойылған балаларға дер кезінде ота жасау олардың дұрыс тамақтануы мен сөйлеу қабілетінің қалыптасуына оң әсер етеді.
Шеберлік сабағы аясында жалпы саны 12 операция жасау жоспарланған. Күніне төрт ота жасалады. Сонымен қатар, профессор Серік Нұрмағанов пациенттерді қабылдап, кеңес береді, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев.














