С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ғалымдары ұңғыма өнімділігін арттыруға бағытталған жаңа технологияға патент алды. Әзірлеме парафин мен гидрат тығындарының түзілуінің алдын алуға арналған.
Жоба аясында сораптық-компрессорлық құбырларды үздіксіз қыздыратын аралас жүйе ұсынылды. Технология күн энергиясын тиімді пайдалану арқылы «жасыл» шешім ретінде ерекшеленеді.
Мамандардың айтуынша, жүйе температураны 5-10°C деңгейінде ұстап, парафин жиналуын болдырмайды, сораптардың тоқтап қалу қаупін азайтады және өндірістің тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
– Парафин түзілуі – еліміздегі кен орындарындағы өзекті мәселе. Бұл технологияның өндірісте қолдану әлеуеті жоғары, – деді техника ғылымдарының кандидаты М. Бисенғалиев.














