Республика күніне орай Орал қаласындағы мектеп оқушылары «Қыран елім – Қазақстан», «Мой Казахстан» тақырыбында диктант жазды.
Бұл туралы Орал қалалық білім беру бөлімінің баспасөз қызметі мәлімдеді. «Республика күнін атап өту тұжырымдамасы аясында республика мен ұлт үшін пайдалы істерге ұлтты ұйыстыру мақсатындағы іс-шаралар жоспарланды. Соның бірі – облыстық білім басқармасының бастамасымен қала мектептерінде ұйымдастырылған диктант жазу акциясына 50 мың оқушы қатысты. Диктант мәтіні оқушылардың сынып ерекшеліктеріне байланысты берілді. Мәтін мазмұны мемлекеттің құндылықтары мен қағидаттарын құрметтеу, қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру, қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайту, Отанын, туған елін сүюге тәрбиелеуді мақсат тұтты» деп хабарлады баспасөз қызметі. Сонымен бірге аталмыш мереке шеңберінде қалалық білім беру ұйымдарында «Егемен елімнің жас ұланымын» патриоттар форумы, мерекеге арналған сурет көрмесі, оқушылар арасында мәнерлеп оқу байқауы, дебат турнирі сынды патриоттық мәні зор шаралар ұйымдастыру жоспарланған. Оған қоса барлық сыныптарда тәрбие сағаттары өтеді.
Білім саласындағы тағы бір жаңалық – қазақтың батыр қызы, Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметованың 100 жылдығына орайластырылған «Жас сарбаз» сыныптары арасындағы облыстық «Із кесуші» әскери-спорттық ойынында №47 ЖОББ мектебі командасының І орынды иеленуі. Облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығы ұйымдастырған сайысқа аудандар мен қаладан 11 команда қатысқан. Сайыс газтұтқыш кию, пневматикалық винтовкадан ату, «Калашников» автоматын толық бөлшектеу және құрастыру, іздеу, «Түймедақ» туристік кедергілерінен өту, әскери-тарихи викториналық сұрақтар және саптық ән кезеңдері бойынша өткен. Нәтижесінде жалпы 405 ұпаймен №47 орта мектептің «жас сарбаздары» бірінші орынды иеленіп, БҚО білім басқармасының дипломымен және кубокпен, медальмен марапатталды.
Еске сала кетсек, Орал қаласындағы үш мектепте (№5, №12 және №47 ЖОББМ) барлығы 73 оқушыдан құралған«Жас сарбаз» сыныптары жұмыс жасайды.