TopiQ.kz электрондық оқулығының тиімділігін, мүмкіндігін көпшілікке таныстыру мақсатында «Алматыкітап» баспасы ұйымдастырған Leader TopiQ сайысында Орал қаласының педагогтары – Бақытгүл Малтабарова мен Алина Қасым жүлдегер атанды.
Бұл туралы Орал қалалық білім беру бөлімінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Мектеп оқушылары, орта мектеп ұстаздары, арнаулы және жоғары оқу орындары оқытушылары қатысқан республикалық байқауда сегіз аталым бойынша 27 жүлдегер анықталған. Солардың қатарындағы жерлестеріміз Бақытгүл Малтабарова №42 «Ақ ниет» гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі болса, Алина Қасым – №50 ЖОББ мектебінің информатика пәнінің оқытушысы.
– 2021-2022 оқу жылында ұстаздар қауымы «Алматыкітап» баспасы жасақтаған TopiQ.kz электрондық оқулығын апробациялау бағытында жұмыстанды. Осы электрондық оқулықтың тиімділігін, мүмкіндігін көпшілікке таныстыру мақсатымен «Алматыкітап» баспа үйі Leader TopiQ сайысын ұйымдастырған болатын. Байқаудың мақсаты – оқушылар мен педагогтардың шығармашылық, креативті ойлау қабілеттерін дамыту. Өскелең ұрпақтың патриоттық сезімдерін нығайту. Жаңа отандық TopiQ электрондық оқулықтар платформасының пайдалану аясын кеңейту, – деп хабарлады аталмыш бөлімнің баспасөз қызметі. Атап өткендей, сайысқа қатысушылар «Үздік ұстаз», «Ұлағатты ұстаз», «Үркер», «Альфа ұрпағы», «Жас дәурен», «Дарабоз», «Болашақ» номинациялары бойынша екі кезеңнен тұратын тапсырмаларды орындаған.
Бақытгүл Малтабарова мен Алина Қасым «Үздік ұстаз» номинациясы бойынша қатысуға өтінім беріп, байқау талабына сәйкес бірінші кезеңде сабақтарында платформаны пайдаланып үзінді көрсетсе, екінші кезеңде платформаның мүмкіндігін ашатын екі минуттық креативті жарнама түсірген. Нәтижесінде бастауыш сынып оқытушысы Бақытгүл Малтабарова «Үздік ұстаз» аталымында жүлделі екінші орынды, информатика пәні мұғалімі Алина Қасым жүлделі бірінші орынды иеленіпті.
Сабақ өткізу мен ұйымдастыру кезінде цифрлық технология көмегін пайдаланатын оралдық ұстаздар TopiQ.kz электрондық оқулығы оқушының креативті ойлауына, шығармашылық дамуына жағдай жасайтынына сенімді.