Түркістан облысы, Ордабасы ауданында қазақ халқының даңқты перзенті, әлемге әйгілі балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының 155 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті.
Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мерекелік іс-шара аудан орталығы Темірлан елді мекеніндегі Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы мәдени-спорт кешенінде ұйымдастырылды. «Қажымұқан – даланың дара батыры» атты салтанатты жиын аясында тағылымды басқосу өтіп, оған зиялы қауым өкілдері, спорт ардагерлері, еліміздің әр өңірінен келген Қажымұқан бабаның ұрпақтары мен қонақтар қатысты.

Жиында Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев сөз сөйлеп, Қажымұқанның тұлғасы қазақ халқы үшін ғана емес, күллі түркі жұрты үшін зор мақтаныш екенін атап өтті. Сонымен қатар Қажымұқанның немересі Нұрлан Қажымұқан сөз алып, баба рухына тағзым етті.
Салтанатты шара барысында мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасы ұсынылып, театрландырылған қойылымдар сахналанды. Сонымен қатар Қажымұқан рухына арналған ерекше күш көрсетілімдері – тас сындыру, темір майыстыру секілді рекордтық шоулар көпшілік назарына ұсынылды.
Мерейтой аясында қазақ күресінен жасөспірімдер арасында облыстық ашық турнир ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті. Ауқымды спорттық шараға аудан тұрғындары, спорт жанашырлары, ардагерлер мен жас балуандар қатысып, ұлттық спорттың мәртебесін асқақтатты. Боз кілемге шыққан жасөспірімдер өзара мықтыларды анықтап, тартысты белдесулер көрермендерге ерекше әсер сыйлады.














