Отандық тарихтың темірқазығы

Отандық тарихтың темірқазығы

Алматы қаласында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында көрнекті ғалым, академик Ақай Нүсіпбековке арналған ХІІІ Нүсіпбеков оқулары аясында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ауқымды ғылыми жиын отандық тарих ғылымының өзекті мәселелерін талқылауға және ғалымның бай ғылыми мұрасын кеңінен насихаттауға арналды.
Конференция Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің қолдауымен, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Институт жанындағы Жас ғалымдар кеңесінің ұйымдастыруымен өтті. Ғылыми басқосу офлайн және онлайн форматта өтіп, халықаралық ғылыми пікір алмасуға мүмкіндік берді.

Конференцияның ашылу салтанатында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Ермұханұлы Қабылдинов сөз сөйлеп, академик Ақай Нүсіпбековтің қазақ тарих ғылымын кәсіби деңгейге көтерудегі айрықша рөліне тоқталды.
Халықаралық және отандық ғылыми пікір алмасу
конференция жұмысына Қазақстандық ғалымдар белсенді қатысып, баяндамалар жасады. Олар академик Ақай Нүсіпбековтің ғылыми мектебін жалғастырып, отандық тарих ғылымының өзекті мәселелерін талқылады.

  
Сонымен қатар, Ресей, Әзірбайжан және Украина елдерінен келген ғалымдар ZOOM арқылы онлайн форматта қатысып, халықаралық тәжірибе мен салыстырмалы зерттеу әдістерін таныстырды. Секциялық отырыстарда ХХ ғасырдың 20–30 жылдарындағы Қазақстан қалаларының әлеуметтік-мәдени дамуы, отаршылдық саясаттың тарихи салдары, этно-демографиялық үдерістер, екінші дүниежүзілік соғыс тарихының қазіргі зерттелу деңгейі секілді өзекті мәселелер қамтылды. Бұл тақырыптардың барлығы академик Ақай Нүсіпбеков негізін қалаған ғылыми бағыттардың заңды жалғасы екені атап өтілді.
Ғылыми жиын аясында академик Ақай Нүсіпбеков атындағы шәкіртақыны жас ғалымдарға табыстау рәсімі өтті. Шәкіртақыны академиктің ұлы Сүйіндік Ақайұлы табыстап, жас зерттеушілерге ғылым жолындағы ізденістеріне табыс тіледі. Ол өз сөзінде әкесінің ғылымға адалдық пен жауапкершілікке негізделген өмір жолы бүгінгі жас ғалымдарға әрдайым үлгі болуы тиіс екенін атап өтті.
Конференция соңында академик Ақай Нүсіпбековтің қызы Мәкен апа қорытынды сөз сөйлеп, әкесінің ғылыми мұрасын ұлықтауға арналған осындай тағылымды жиынның жоғары деңгейде өткенін атап өтті. Ол конференцияны ұйымдастырушыларға, баяндама жасаған ғалымдар мен барлық қатысушыларға ризашылығын білдірді.
Академик Ақай Нүсіпбековке арналған бұл халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция отандық тарих ғылымының дамуына серпін беріп, ұлт тарихын зерттеуге бар ғұмырын арнаған ғалымның рухани мұрасын ұлықтаған мазмұнды әрі тағылымды басқосу болды.

Салтанат Бакеева

26.12.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 21479
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 21255
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 36490
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 34846
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 38840