ӨТКЕН ЖЫЛЫ КЕМШІЛІК АНЫҚТАЛҒАН ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫНА 290 МЛН ТЕҢГЕ АЙЫППҰЛ САЛЫНҒАН
Түркістан облысында салынып жатқан нысандардың құрылыс сапасы қатаң бақылауда тұр. Өткен жылы жоспардан тыс 416 тексеру жұмыстары жүргізіліп, тексерулер негізінде анықталған заң бұзушылықтар бойынша 950 хаттама толтырылды. Нәтижесінде, 290 млн теңге айыппұл салынып, оның 262,7 млн теңгесі өндірілді. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында айтылды.
Аймақ басшысы аудан, қала әкімдері мен тиісті сала басшыларына заңсыз құрылыстың алдын алу жұмыстарын жүйелеуді, мониторинг жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
– Облыс аумағында нысандарға рейдтік іс-шаралар ұйымдастырып, жұмыстарды күшейтіңіздер. Көше-көшені аралап, заңсыз құрылыстарды анықтаңыздар. Нақты сараптама жасап, шара көріңіздер. Жұмыс нәтижесі анық көрініп тұру қажет. Түркістанның сәулеті мен келбетіне аса мұқият болыңыздар. Барлық нысан дизайн кодқа сай болуы қажет. Жауапты тұлғаларға бақылау жұмыстарын тұрақты жүргізуді тапсырамын. Заңға бағынбайтын мердігерлердің жұмысын тоқтатып, айыппұлдарды толық өндіріңіздер. Әлеуметтік нысандардың сапасына аса жауапкершілікпен қараңыздар, – деген Нұралхан Оралбайұлы жұмыс нәтижесін көрсетуге уақыт берді.
Жиында Түркістан облысының бақылау жөніндегі басқармасының басшысы Айдос Исмаилов 2024 жылы атқарылған жұмыс қорытындысы туралы баяндап, алдағы жұмыс жоспарымен таныстырды. Оның мәлімдеуінше, облыс бойынша өткен жылы 3020 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары басталған. Оның ішінде, 986-сы – бюджеттік, 2034-і – жеке кәсіпкерлік есебінен. Басқарма мен аудан, қала әкімдіктері бірлесе облыс аумағындағы заңсыз салынған нысандарды анықтау бойынша тұрақты мониторинг жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, бюджет қаражаты есебінен салынған нысандарға 173,4 млн теңге және жеке қаражат есебінен салынған нысандарға 116,6 млн теңге айыппұл салынған.
Облыстағы жол құрылысы мен инженерлік инфрақұрылым желілері құрылыстарының сапасына жүргізілген бақылау нәтижесінде жол құрылысы бойынша 23 нысанға, газ жүйелері құрылысында 27 нысанға, ауыз су жүйелері құрылысында 9 нысанға, электр желілері құрылысында 8 нысанға айыппұл салынып, әкімшілік шаралар қабылданды.
Өткен жылы «ӘлемСтрой-1» ЖШС, «Саха-2005» ЖШС мердігер мекемелері лицензиясынан айырылды. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын сапасыз атқарған 36 мердігер мекемеге тиісті шаралар көрілді. Одан бөлек, құрылыс-монтаждау жұмыстарын қадағалау барысында кемшіліктерге жол берген 10 инжиниринг қызметін көрсететін аккредиттелген техникалық қадағалаушы мекемеге шара көрілген. Сондай-ақ 19 техникалық қадағалаушы тұлғаның сарапшы аттестаттары 6 айға тоқтатылды. Әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн 1 жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер – акредитация мен лицензиядан айыруға алып келеді.
Облыстық бақылау жөніндегі басқармасы тарапынан облыс аумағындағы құрылыс нысандарының сапасын бақылау тұрақты түрде жүргізіледі.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
06.03.2025
60
Ұқсас жаңалықтар
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 06.03.2025 27