Елордадағы коммуналдық қызмет өкілдері тұрғындарды электр жарығымен, жылумен және басқа да қажетті игіліктермен үздіксіз қамтамасыз ету үшін тәулік бойы жұмыс істейді. Осы жауапты істің артында мыңдаған қала тұрғынының жайлылығына үлес қосып жүрген адал мамандар тұр. Олардың бірі – «Астана-Теплотранзит» АҚ №3 ауданның жөндеу және баптау қызметінің басшысы Азамат Үмбетов, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Азамат өзінің еңбек жолын 2008 жылы қарапайым техник қызметінен бастаған.
«Энергетика саласына кездейсоқ келген жоқпын. Бұл – еңбегіңнің нәтижесін әрбір адам сезіне алатын сала. Өз жұмысыңның үйлердегі нақты әсерін көресің», – дейді ол.
Бүгінде оның басшылығымен 33 маман Сарыарқа және Байқоңыр аудандарындағы жеке жылу пунктеріне, жылу тораптарына және автоматика жүйелеріне қызмет көрсетіп, бақылауда ұстайды.
Азаматтың айтуынша, бұл жұмыс – тұтас бір цикл: нысанды қабылдау, жабдықтарды тексеру, барлық параметрді баптау.
«Қағаз жүзінде бұл тек техникалық операциялар жиынтығы болып көрінуі мүмкін. Ал іс жүзінде – бұл тепе-теңдікті табу процесі. Біздің жұмыс уақыты кестеге сыймайды. Жоспарлы тексеріс кезінде де кез келген сәтте шұғыл шақырту түсуі мүмкін. Егер тұрғындардан шағым түссе, топ бірден оқиға орнына шығады. Кейде бұл түнде де, демалыс күндері де болуы ықтимал», – дейді ол.
«Ең бастысы – тұрғындар бір минут та жылусыз қалмасын», – деп атап өтті Азамат.
Мамандардың қауіпсіздігі де басты назарда. Әр қызметкер нысанға жеке қорғаныс құралдарынсыз және тиісті нұсқаусыз кіре алмайды.
Дегенмен, Азаматтың айтуынша, жұмыстың ең қиын бөлігі техникалық емес.
«Ең қиыны – жауапкершілік. Себебі біздің шешімімізге мыңдаған пәтердің жылуы байланысты», – дейді ол.
Мемлекет басшысы биылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады.
Азамат сияқты өз ісінің шеберлері – қаланың тынысын қамтамасыз етіп отырған жандар. Олардың еңбегі елеусіз қалмауы тиіс.















