Бүгін жұмыс кестесіне сәйкес жер қатынастары бөлімінің басшысын қабылдап, жайылымдық және егістік жерлердің жай-күйіне, сондай-ақ кәсіпкерлік мақсаттағы жер учаскелеріне қатысты мәселелерді талқыладық. Қазіргі кезде ауыл-аймақтағы ең өзекті мәселенің бірі – жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі екені белгілі. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін өткен жылы облыс басшысының тапсырмасымен ауыл маңынан 5-7 радиустағы және ұзақ уақыт бойы пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары басталған болатын. Нәтижесінде, өткен жылы 6000 гектар жер мемлекетке қайтарылуы керек болса, жоспар артығымен орындалып, 36 945 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер мемлекетке қайтарылды. Сонымен бірге, 230 азаматқа бау-бақша егу үшін 1 гектар жерден берілді. Жайылымдық жердің мәселесін оңтайлы шешу мақсатында да бірқатар жұмыстар қолға алынып, бүгінде нәтижесі көріне бастады. Нақтырақ айтқанда, былтыр ауыл тұрғындарының шаруа қожалық жерлеріне кедергісіз мал жаюы үшін 146 шаруа қожалық иелерімен меморандумға қол қойылып, 14 900 гектар жерге қол жеткізілді. Алдағы уақытта жер қатынастары бөлімі бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жандандыра түсетін болады.