Пайдасы мол шеберлік сағаты

Пайдасы мол шеберлік сағаты

 

Орал қалалық ақпараттық талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы түрлі шеберлік сағаттарын ұйымдастыруды қолға алып келеді. Жуырда осындай іс-шара «Арт Поттер» қолөнер мектебіндегі құмыра жасау шеберханасында өтті. 

Аталмыш орталықтың консультациялық қызметтер көрсету бөлімінің басшысы Алма Тулепкалиева: – Баян Ғаббасқызы жетекшілік ететін бұл қыш құмыра жасау орталығы – ерекше қызығушылығы бар жандар үшін таптырмас орта. Асқан ұқыптылықты қажет ететін бұл іс адамды тыныштандырып, күйбең тіршіліктен бір сәт арылуға мүмкіндік сыйлайды, ішкі сезімдеріңді тұрақтандыруға септігін тигізеді. Шеберханаға кірген бойда үстелде өңдеуде жатқан кесек саз бен бөлменің оң жағында тұрған сегіз көзеші ұршығы (гончарный круг) көзге бірден түседі. Қабырғадағы суреттер, сөредегі саздан жасалған ыдыс-аяқтар шеберхананың сәнін келтіріп тұрса, бөлмедегі көңілді ән жүрекке жылылық ұялатады. Кезекті шеберлік сағатын осындай жайлы әрі пайдалы орында өткізуді ұйғардық, – деді.

Қалалық ақпараттық-талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы ұйымдастырған бұл шеберлік сағатына 15-тен астам адам қатысты. Заманауи қолөнер сабағы оларға ерекше әсер сыйлап, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты. Солардың бірі – Арай Зайдекенова. – Біз құмыраның жасалу техникасын үйреніп қана қоймай, өз

қолымызбен құмыра жасап көрдік. Бір ерекшелігі, құмыра жасау процесі кезінде адамның саусақтары ерекше рөл ойнайды екен. Саусақтар жұмыс жасаған кезде, ми қызметі жақсарады деседі. Жалпы, құмырау жасау – ойлау қабілетін жақсартып қана қоймай, адамға физикалық және моральдық тұрғыда беретін пайдасы мол. Сондықтан осы шеберлік сағатына қатысқаныма қуаныштымын, – деді кейіпкеріміз. 

Жалпы аталмыш орталық жыл басынан бері онға тарта шеберлік сағаттарын өткізген. Басты мақсат – жастардың белгілі бір кәсіпке ықыласын оятып, шеберлігін шыңдау. Әр тағылымды іс-шараға 20-30 шақты жас қатысады. «Жазғы мезгілде уақытты тиімді өткізуге орайластырылатын мұндай шаралар жалғаса береді. Осы сәтке дейін шаш қию, құмыра жасау, нәзік жандарға арналған бет күтімі мен бояу, СММ, мобилография, қолөнер, музыкалық аспаптарды игеру, тігіншілік секілді салалар бойынша шеберлік сағаттары өткізілді. Сол арқылы орталығымыз жастардың жұмысқа орналасуына ықпал жасап та үлгерді. Өз қабілетін шыңдаған жастар – осының айқын дәлелі, – деді Алма Тулепкалиева 

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА БҚО Орал қаласы
27.07.2022

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 5478
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 5630
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 20601
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 19229
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 22693