Жуырда Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Оралдағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арнап салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарымен танысты.
Үкімет басшысының жұмыс сапарының басты мақсаты – Мемлекет басшысының су тасқынынан зардап шеккен азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын қадағалау.
Сапар барысында Үкімет басшысы облыс орталығына қарасты Деркөл кентінде және Орал қаласындағы «Жұлдыз» ықшамауданында болды. Мұнда жылдың алдағы суық мезгілін ескере отырып, жұмыс қарқынына және тұрғын үйлердің инфрақұрылымының қоныстануға дайындығын қамтамасыз ету мерзімдеріне назар аударылды.
Атап айтсақ, Деркөлде 103 тұрғын үй жаңа учаскелерде салынуда. Қазіргі уақытта іргетас қалау жұмыстары толығымен аяқталған, 24 нысанда ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Оған бес мердігер ұйым жұмылдырылған. Жұмыстар биылғы қыркүйек айында аяқталады деп жоспарланған.
Ал «Жұлдыз» ықшамауданында 191 нысан жаңа аумақта бой көтеруде. Баспаналарды уақытылы тапсыру үшін 17 мердігер мекеме жұмысқа тартылған. Бүгінгі таңда барлық үйлердің іргетасы құйылған, 178 үйдің қабырғасы қалануда, 49 нысанның шатыры жабылып жатыр.
Премьер-министр су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды жаңа баспанамен дер кезінде қамтамасыз ету үшін жұмыс барысын қатаң бақылау қажеттігін атап өтті.
– Сапалы, қауіпсіз және жайлы тұрғын үймен қамтамасыз ету міндеті – Үкіметтің негізгі басымдығы. Барлық құрылыс нысандарында бақылауды күшейту қажет. Облыста баспаналарын күтіп, уақытша жерлерде тұрып жатқан отбасылар қатары көп. Құрылыс жұмыстарын жеделдетіп, 2-3 ауысымдық жұмыс кестесіне көшу қажет. Толық жұмылдыруды қамтамасыз етуді тапсырамын, – деді Олжас Бектенов.
Инженерлік желілерді, жол және әлеуметтік инфрақұрылымды қалпына келтіру бойынша тапсырмалар да берілді. Салынып жатқан аудандарда ілеспе инфрақұрылым мен абаттандыруды алдын ала қарастыру қажет. Облыс әкімдігінің мәліметінше, жұмыстар биылғы күзде аяқталатын болады.