Президент сапары: Алматы облысының дамуына жаңа серпін берді

Президент сапары:  Алматы облысының дамуына жаңа серпін берді

Ағымдағы жылдың 2 маусымында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Алматы облысына келді. Сапар барысында Президент өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынымен танысып, Алматы облысының бірқатар өндірістік, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралады. Бұл сапар өңірдің бүгінгі жетістіктерін саралап қана қоймай, оның болашақ даму бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.

Ең бірінші Мемлекет басшысы Алатау қаласының даму барысымен танысты. Бүгінде бұл қала еліміздің жаңа экономикалық және инновациялық орталықтарының біріне айналуға ұмтылып отыр. Осы орайда Президент өңірдің әлеуетін жоғары бағалап, Алатау қаласының болашақта Қазақстанның заманауи әрі технологиялық дамыған шаһарларының қатарына қосылатынына сенім білдірді.

Облыс жұртшылығымен кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Қонаев қаласына облыс орталығы мәртебесі берілгеніне төрт жыл толғанын атап өтті. Президенттің айтуынша, Қонаев біртіндеп әкімшілік, туристік және іскерлік орталық ретіндегі орнын нығайтып келеді.

«Қалада ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қонаев қаласы біртіндеп әкімшілік, туристік және іскерлік орталық ретіндегі орнын нығайтып келеді. Бұл – облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің еңбегі», – деді Мемлекет басшысы.

Кездесу барысында Президент өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттап, олардың еңбегіне жоғары баға берді.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Алматы облысының экономикалық әлеуетіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, өңірде тұрақты өсімді қамтамасыз етуге қажетті барлық ресурстар бар және облыс бүгінде отандық әрі шетелдік инвесторлардың қызығушылығын тудырып отыр. Әсіресе, Қонаев пен Алатау қалаларын дамыту жобалары өңірдің ұзақ мерзімді өркендеуінің негізгі драйверлерінің бірі болмақ.

Экономикалық көрсеткіштер де бұл пікірді нақтылай түседі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыстың жалпы өңірлік өнімі 6,7 трлн теңгеге жетіп, 5,4 пайызға өскен. Ал биылғы жылдың басынан бері экономикаға 266,2 млрд теңге инвестиция тартылып, өнеркәсіп өндірісінің көлемі шамамен 900 млрд теңгені құраған. Президент бұл нәтижелер өңірдің қарқынды дамып келе жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіштер екенін атап өтті.

Сапар барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласының болашағына қатысты маңызды ойларымен бөлісті. Ол қазіргі заманғы қалалар ең алдымен таза, жасыл әрі тұрғындарға жайлы болуы тиіс екенін айтты. Осы ретте Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының маңыздылығына тоқталып, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру әрбір азаматтың жауапкершілігі екенін атап өтті.

Президенттің айтуынша, Алатау мен Қонаев қалалары экологиялық талаптарға сай дамып, еліміздегі басқа елді мекендерге үлгі болуы керек. Өйткені таза мемлекет әр адамның өз ауласынан, өз көшесінен басталады. Сондықтан қоршаған ортаға жанашырлық таныту мен тазалық мәдениетін қалыптастыру – қоғамның ортақ міндеті.

Президент сондай-ақ өңірдегі инновациялық агроөнеркәсіптік жобалардың жұмысымен танысты. Солардың бірі – Қазақстан нарығына арналған табиғи әрі пайдалы жасыл дақылдарды өсіретін заманауи GREEN ECO жылыжай кешені. Мұнда өндірістің барлық кезеңі химиялық заттарды, тыңайтқыштар мен пестицидтерді қолданбай жүзеге асырылады. 

Кәсіпорында 160 адам еңбек етеді, ал өндірілген өнім еліміздің 10 қаласына жөнелтіледі. Бұл жоба экологиялық таза өнім өндірумен қатар, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де үлес қосып отыр.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы «Лукоморье» көшет бағы мен бақша орталығын аралады. Автоматтандырылған технологиялармен жабдықталған бұл орталық жылына 1,5 миллионға дейін ағаш, сәндік бұта мен гүл өсіруге қауқарлы. Бүгінде оның өнімдері Қазақстанның барлық ірі қалаларында сұранысқа ие болып қана қоймай, Өзбекстан мен Қырғызстанға экспортталуда.

Сонымен қатар Президентке сәндік өсімдіктер өсіретін Turanga питомнигін құру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар таныстырылды. Жоба аясында шамамен 130 мың ағаш пен 3,5 млн түп сәндік бұта өсіру жоспарланған. Бұл бастама өңірдің жасыл қорын көбейтіп, экологиялық ахуалды жақсартуға елеулі үлес қоспақ.

Мемлекет басшысының сапары әлеуметтік және спорттық нысандарды аралаумен жалғасты. Президент Алматы облысындағы «Атлетико де Мадрид Қазақстан» халықаралық деңгейдегі футбол академиясында болып, жас спортшылардың дайындық үдерісімен танысты. 

Қазіргі уақытта академияда 116 бала испандық мамандардың жетекшілігімен футболдың қыр-сырын меңгеріп жатыр. Орталықта жас футболшылардың толыққанды оқу үдерісіне, жаттығулары мен жеке даярлығына барлық жағдай жасалған. Бұл жоба еліміздегі балалар спортының дамуына тың серпін беріп, халықаралық тәжірибені енгізудің жарқын үлгісі ретінде бағалануда.

Жалпы, Мемлекет басшысының Алматы облысына жасаған жұмыс сапары өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынының жоғары екенін тағы бір мәрте көрсетті. Қонаев пен Алатау қалаларын дамыту, инвестициялық жобаларды іске асыру, экологиялық бастамаларды қолдау және жастардың әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстар облыстың болашақтағы тұрақты өсіміне берік негіз қалайды. 

Президент атап өткендей, мемлекет пен қоғамның бірлескен еңбегі өңірдің жаңа белестерді бағындыруына және алға қойылған мақсаттардың толық жүзеге асуына мүмкіндік береді.

 

Ә. ФАЗЫЛОВА, Алматы облысы
11.06.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26249
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25694
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43077
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38892
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43483