Президент Жарлығы – ел игілігінің кепілі

Президент Жарлығы –  ел игілігінің кепілі

Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданының әкімі Ернар Есіркепов Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес өңірдегі бірқатар ауылдық округтерді аралап, жергілікті тұрғындармен ашық дидарласу кездесулерін өткізді. 

Мұндай жүздесулер аймақтағы атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды қорытындылап, алдағы жоспарларды айқындауға, ең бастысы, халықты мазалаған өзекті мәселелерді тікелей тыңдап, олардың шешілу жолдарын бірлесе қарастыруға мүмкіндік берді. Кездесулер барысында аудан басшысы инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік нысандар салу және инвестиция тарту бағытындағы оң өзгерістерді тілге тиек етті.

Алғашқы кездесулердің бірі Тереңөзек ауылдық округінде ұйымдастырылып, онда соңғы жылдары атқарылған жұмыстардың есебі берілді. Бұл округтің дамуына соңғы уақытта 540 млн теңгеге жуық қаражат бағытталған. Ауқымды қаржының аясында Ақыртөбе – Тереңөзек – Қайыңды бағытындағы маңызды автомобиль жолына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Шолақ-Қайыңды ауылына заманауи газ құбыры мен газ тарту желілерінің құрылысы толықтай жүзеге асырылды. Мұнымен қоса, ауыл ішінің инфрақұрылымын жақсарту мақсатында тағы 40 млн теңгеге жуық қаржы бөлініп, көшелерге орташа жөндеу жұмыстары мен заманауи жарықтандыру желілері тартылды. Округ тұрғындары өз кезегінде жер қатынастары, футбол алаңшасын жаңғырту, «Жасыл белдеу» жобасын іске асыру және өзен арналарын тазарту мәселелерін көтерді. Сондай-ақ, аудан орталығына қатынайтын қоғамдық автобус желісін ұйымдастыру, бейіттерді қоршау және асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға бағытталған «Игілік» пен «Береке» бағдарламаларының тиімділігі туралы ұсыныстар айтылды.

Аудан әкімінің келесі жұмыс сапары Өрнек ауылдық округінде жалғасты. Өткен жылы бұл өңірге бюджеттен 200 млн теңге қаражат бөлініп, Сұмқайты ауылына кіреберіс 2,9 шақырымдық жолды асфальттау және абаттандыру жұмыстары сәтті аяқталған болатын. Сонымен қатар, Жарлысу ауылының тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында арнайы сүзгілеу құрылғысы (мембрана) орнатылды. Жергілікті халықпен кездесу кезінде жол қауіпсіздігін арттыру, ескірген электр желілерін жаңарту және мал шаруашылығын өркендетуге арналған «Игілік» пен «Береке» мемлекеттік бағдарламалары кеңінен талқыланды. Өрнектіктер ауылды одан әрі абаттандыру, түнгі жарықшамдар орнату және ішкі жолдардың сапасын жақсарту жөніндегі өз ой-пікірлері мен талап-тілектерін ортаға салды.

Ауданның ірі елді мекендерінің бірі – Ақыртөбе ауылдық округінде де тұрғындармен мазмұнды жүздесу өтті. Соңғы жылдары бұл округтің инфрақұрылымын ілгерілетуге 1,4 млрд теңге көлемінде қыруар қаражат жұмсалып, заманауи спорт кешені мен зәулім Мәдениет үйі халық игілігіне пайдалануға берілді. Бұған қоса, Малдыбай ауылындағы 120 орындық жаңа мектептің құрылысы толық аяқталып, қазіргі уақытта нысанды қабылдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өңір экономикасын ширату мақсатында жалпы құны 22,6 млрд теңгені құрайтын 3 ірі инвестициялық жоба қолға алынып, жүзеге асырылуда. Кездесуде ақыртөбеліктер жол қауіпсіздігі, мектеп қоршауын жаңарту және ауылдағы кәсіпкерлікті қолдайтын «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысты сұрақтарын қойды.

Жиынды қорытындылай келе, Ернар Есіркепов тұрғындарға қоғамдық тәртіпті сақтау мен жасөспірімдер тәрбиесінің маңыздылығын түсіндіріп, көпшілікті айналаны таза ұстауға үндейтін «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясына белсенді қатысуға шақырды. Үш ауылдық округте көтерілген барлық өзекті мәселелер мен халықтың ұсыныстары аудан басшысының тікелей назарына алынып, толық шешімін тапқанша тұрақты бақылауда болатыны жеткізілді. Жиын соңында тиісті сала жетекшілері мен жауапты тұлғаларға нақты мерзімдер белгіленген хаттамалық тапсырмалар жүктелді.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ Тараз қаласы
03.06.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26249
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25694
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43077
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38892
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43483