Бүгін аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев Ұлы Отан соғысының ардагері, 97 жастағы Ібіжанов Қабыл қарияны Жеңіс күні мерекесімен құттықтап барды.
Соғыстың соңғы сарысулық қос сарбазының бірін құттықтауға Марат Қырғызәліұлымен бірге, аудандық мәслихат хатшысы Асанбай Сейналиев пен аудандық полиция бөлімінің бастығы Асхат Алметов те ілесті.
Небір зұлмат заманды бастан өткерген Қабыл қарияның жүрісі де шапшаң, қимылы да ширақ. Өткен өмірін де біркісідей сабақтап берген ақсақал қадірлі қонақтарды төрге оздырып, ақ батасын берді. Осы ретте аудан басшысы барша сарысулықтардың атынан қазыналы қарияға зор денсаулық тілеп, тұрмыстық техниканы сыйға тартты.
«Қарты бар үйдің — қазынасы бар» деген. Бүгінде ғасыр жасаған ақсақал кіндігінен тараған 8 ұл-қыздан 35 немере, 27 шөбере, 4 шөпшек сүйіп отыр.
Ібіжанов Қабыл — 1926 жылдың 20 желтоқсанында Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Сталин колхозында дүниеге келген. 1935-1942 жылдары Сталин колхозындағы мектепте білім алып, «Шилі» колхозында жұмысшы болып орналасқан.
1944 жылы әскер қатарына алынған. Румыния, Болгария, Эстония, Архангельск қалаларындағы ұрыстарға қатысқан. «Ұлы Отан соғысының І дәрежелі» орденімен, «Маршал Г.Жуков» және басқа да мерекелік медальдармен марапатталған.
Соғыстан кейін 1950-1952 жылдары елге оралып, аудандық шикізат дайындау мекемесінде статист, 1952-1966 жылдары аудандық тұтыну одағы мекемесінде есепші, ревизор, 1967-1982 жылдары аудандық жұмыспен қамту мекемесінде инспектор қызметтерін атқарған. 1986 жылы еңбек демалысына шыққан.