Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов облыс орталығындағы өнеркәсіп орындарының қызметкерлерімен кездесуін жалғастыруда.
Орал қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, осындай кезекті жүздесу «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» акционерлік қоғамында ұйымдастырылды. Бұл компания мұнай және газды өндіру мен тасымалдауға арналған жоғары технологиялық жабдықтарды, энергетикалық жабдықтарды, металл конструкцияларын, өзге де машина жасау өнімдерін әзірлеп-өндірумен айналысады.
Жиын барысында шаһар басшысы еңбек ұжымын қалада атқарылып жатқан жұмыстар барысынан хабардар етті. Бұдан әрі тұрғындар қала әкіміне абаттандыру, жарықтандыру, қоғамдық көлік тасымалы секілді өздерін алаңдататын мәселелерге қатысты сауалдарын жолдады. Нәтижесінде барлық сұрақтарға тиісті жауаптар мен түсініктемелер берілді.
– Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы – еліміз үшін маңызы зор кәсіпорынның бірі. Бүгінгі кездесуге қатысқан өндіріс орнының қызметкерлеріне алғыс білдіремін. Біз өз кезегімізде әрқашан ашықтық танытып, сіздердің тілектеріңізді тыңдап, қаламыздың барлық тұрғындарына жайлы жағдай жасауға тырысамыз, – деді шаһар басшысы Миржан Мұнайдарұлы.