Тараз қаласын дамытудағы басымдық шаһардан шеткей орналасқан аймақтарға берілуде. Бүгін Ержан Жылқыбаев №11 округ тұрғындарымен кездесіп, жылды қорытындылады, алдағы жоспарларын баяндады. Кезекті есепті жиынға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.
Өткен жылы тұрғындар тарапынан 89 шағым түскен. Оның 11-і қаражат көзін қажет еткен. Ержан Жылқыбаев 12 айда атқарылған жұмыстармен қатар көтерілген проблемалардың барлығы дер кезінде шешілгенін айтты. Негізінен округтегі ең өзекті мәселе газ, су, жол. Осы жылы облыс орталығында 6 шағын аудан мен 28 саяжайды сумен қамтуға 2,2 млрд теңге бөлінген. Жоспар аясында жақын күндері Құмшағал, Қазарма және Шөлдалада елді мекендерінде дәл осы жұмыстар қарқын алады. Бұл дегеніміз округқа биыл таза ауызсу кіргізіледі. Ендігі мәселе, өткен жылы бастау алған электр желісін тарту мәселесі 15-наурызға дейін аяқталмақ. Сондай-ақ Ақсарай, мен Назқоңыр көшелерін орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қалған көшелер су құбырларын тартып болған соң қаралатын мәселе. Биыл бұл округте халықтың сұранысы бойынша 8 аула абаттандырылмақ. Ең қуанышты хабар, Қазарма аумағында бір-екі ай көлемінде 180 орындық жаңа мектептің құрылысы басталады. «Береке» тұрғын алқабында жастар үшін кіші футбол алаңын салу да жоспарда тұр.
Осы уақытқа дейін жұртшылық «Құмшағал»шағын ауданы мен «Құмшағал» станциясына арасына темір жолдан өтетін арнайы аспалы көпір салып беруді сұранған еді. Дәл қазіргі кезеңде жоба қаралуда, жыл соңына дейін аспалы көпірде орнатылады. Шаһар басшысы халық тарапынан түскен мәселелер кезегінде қоғамдық көлік қатарын арттыру қажеттігін де скеріп айтты. Өткен апта барысында, қалаға 10 автобус алынды, ендігі кезекте тағы 30 көлік күтілуде. Жаңа автобус келісімен округке қатынайтын жаңа №61 маршрут қосылады.
Жиында облыс басшысы: « Өткен жылдың өзінде қала бюджетіне 38 млрд теңге бөлініп, ауқымды істер атқарылды. Оған сіздер куәсіздер. Жақсы жобалар биыл жалғасын табады. Мәселен, қалада «Асарлатып үй салу» арқылы 15 үй пайдалануға берілді. Биылда баспанаға қажет жандарға көмек қолын созамыз. «Таразға тарту» арқылы шаһарда 16 жобаны жоспарладық. Осылармен қатар көпшілік көтерген мәселе үнемі біздің назарда» – деді.
Өз кезегінде жиынға қатысқан округ тұрғындары талап тілектерін жеткізді. Солардың бірі – Орынбасар Тоқбергенов. Ол жастардың бос уақытын тиімді өткізу үшін ең әуелі ФОБ және мәдениет үйі қажет деді. Сондай-ақ балабақшада орын жетіспеушілігі мен интернет желісінің жылдамдығы тым төмен екендігін айтып қалды. Бердібек Сапарбаев мектепке дейінгі мәселені кәсіпкерлерді тарту арқылы қарастыруды тапсырды. Ержан Жылқыбаев басқа да сауалдар бойынша жіті зерделеу жүргізілетінін қадап айтты.
Жиында көптеген мәселе көтерілді. Халық тарапынан тек арыз-шағым ғана емес жүйелі жұмысқа алғыстарда айтылды.