Түйеқұс (Страус) Ұшпайтын құстар тобында көне дәуірден бері өмір сүріп келеді. Жартылай шөлді климатта өмір сүретін бұл құсқа деген адамдардың қызығушылығы сонау ерте кезден басталған көрінеді. Түйеқұс ең ірі құс түріне жатады. Бойы 2,5-3 метрге, салмағы 100-160 кг-ға дейін жетеді. Қанаттары қысқа болғандықтан ұша алмайды.
Алайда, өте күшті аяқтарымен сағатына 70 шақырымға дейін жүгіре алатын көрінеді. Бұл оның өзіне төнген қауіптен қашып құтылуына әрі шөл ортасында азығын оп-оңай тауып жеуіне көмектеседі. Түйеқұс өсіру бизнесі әлемде танымал бола бастады. Егер бұрын түйеқұстар экзотикалық болып саналса және оларды тек хайуанаттар бағында көруге болатын болса, қазір жыл сайын түйеқұс фермаларының саны тез өсуде. Бүгін біз көрген Шу қаласының тұрғыны Насими Мамедгасанов экзотикалық құс өсірумен айналысады. Бүгінде оның фермасында ерекше құстардың бірнеше түрі бар.
Африкалық, аустралиялық Эмо түйеқұсы, үй тауықтарының түрлері сияқты құстарды бағып, табыс көзіне айналдырған ол бір жағынан өз басы қызығушылық танытса, екіншіден туған жеріндегі туризмді дамытуға үлесін қосып отыр. Насими Алмазұлы кейінгі жылдардан бері осы құстарды күтіп-баптаумен айналысады. Бұл іс бала кезгі арманы екен. Әрқайсысының тұқымын сатып алыпты. Біреуін жергілікті жерден тапса, біреуін Алматыдан, Оңтүстік Қазақстаннан алып келген. Олар бір-бірінен башпайларының саны және іріліктерімен ажыратылады. Бұл үш түрге жататын түйеқұста артқа да, алға да 400 кг-ға дейін жететін күшпен тебе алады дейді кәсіпкер.