28 маусым – бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай Орал қаласы әкімдігі мерекелік шара ұйымдастырып, журналистерге марапаттар табыстады. Салтанатты шараға қатысқан қала әкімінің орынбасары Арсен Ғұбашев сала қызметкерлерін шаһар басшысы Миржан Мұнайдарұлының атынан құттықтап, жылы лебізін жеткізді. – Мемлекеттік қызметшілер күні мен БАҚ саласы қызметкерлері күні бір айда атап өтіледі. Бір айдың ішінде екі бірдей атаулы күнді қатар мерекелейміз. Баршаңызға бүгінгі шақыртуымызды қабыл алып келгендеріңізге көп-көп рақмет! Осы күні әрбір журналистің осы салаға сіңірген еңбегіне мемлекеттік, республикалық деңгейде ерекше баға беріп, марапаттап жатыр. Олардың арасында біздің өңіріміздің де тілшілері бар. Сол үшін де қуаныштымыз. Жұмыстарыңызға сәттілік, әрқашан да алдыңғы шепте жүрулеріңізге тілектеспін, – деді Арсен Зиннатұлы. Бұдан әрі облыс орталығында атқарылып жатқан жұмыстарды қалам ұшына іліктіріп, оқырман мен көрерменге жеткізуге атсалысып жүрген бір топ журналиске Алғыс хаттар тапсырылды. Кеш барысында аға буын өкілдері, телеарналар мен газеттерде, ақпараттық порталдарда еңбек етіп жүрген тілшілер сөз алып, әріптестерін мерекелерімен құттықтады. Сондай-ақ өздеріне жыл сайын осындай құрмет көрсететін қала әкімдігіне, шаһар басшылығы мен тілшілердің байланысын нығайтып жүрген баспасөз қызметіндегі әріптестеріне алғыстарын білдірді. Осындай мерекелік шара Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінде де өтті. Сала өкілдерін төл мерекелерімен құттықтаған департамент бастығы Арман Оразалиев: – Қазіргі уақытта бұқаралық ақпарат құралдары билік пен халық арасындағы байланыс көпірі ғана емес, мемлекетіміздің жетістіктерінің жаршысы болып отыр. Журналистер қауымы барлық құрметке лайық. Полиция департаментінің жұмысына қолдау білдіріп, БАҚ беттерінде үнемі жариялап, өзара ынтымақтастық танытқандарыңыз үшін алғыс білдіремін! – деді. «ТДК-42» телеарнасының тілшісі Айнұр Құрмашева: – Өзіміз асыға күтетін мерекеде құттықтап, барынша ыстық ілтипат білдірген қалалық әкімдікке, облыстық полиция департаментіне, сонымен қатар басқа да ұжымдарға рақмет айтамыз. Осы мерекеде өзім қызмет атқаратын «ТДК-42» арнасы «Тұмар-2024» ұлттық телевизиялық байқауында «Үздік өңірлік телеарна» аталымын иеленді. Ал өзім биыл ҚР Президентінің кеңесшісі-Президенттің баспасөз хатшысы Б.Уәлидің, ҚР Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Е.Саденовтің, ҚР «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Р.Баталовтың атынан Алғыс хаттар иелендім. Бұл марапаттар біздің жұмысымызға деген жауапкершілігімізді күшейтіп, алдағы уақытта шығармашылық тынысымызды кеңейте түсері сөзсіз, – дейді.