Жазы ұзақ әрі ыстық Шымкенттің қысы қысқа болғанымен, «кәрі құданың» дайындықсыз қаланы қапы қалдыратындай қаһары бар. Шымкентке биылғы жылдың алғашқы қары да түсіп үлгерді. Алдағы күндердің райы қандай боларын болжағанымызбен, дәл айту мүмкін емес. Сол себепті де дайындық жұмыстарының тиянақты болуы өте маңызды. Осыны ескерген Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков осы аптада шаһардың қысқа дайындығын пысықтады.
Шымкент қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің ұсынған мәліметіне жүгінсек, үшінші мегаполистің көшелерін қардан тазалау жұмыстарына 189 техника жұмылдырылып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 34 бірлікке көп. Сондай-ақ, мердігер ұйымдардың екі мыңға жуық қызметкерлері қар тазалауға дайын отыр. Мегаполистегі жалпы ұзындығы 891 шақырымды құрайтын 443 магистральдық көшелердің санитарлық және механикалық тазалығын мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында бес мердігер ұйым қамтамасыз етеді.
«Алдағы қысқы маусымда Шымкенттің бес ауданында көшелерді қардан тазалау бірнеше ауысымда жүргізіледі. Мысалы, Абай ауданында тазалау жұмыстары сегіз бағыт бойынша ұйымдастырылады. Жалпы ұзындығы 357,2 шақырымды құрайтын 80 магистральдық көшені тазалау үшін 37 арнайы техника жұмылдырылады. Әл-Фараби ауданында тазалау жұмыстары бес бағытта жүзеге асырылып, жалпы ұзындығы 147,4 шақырым 109 магистральдық көшені тазалауға 39 арнайы техника тартылады. Сондай-ақ, Еңбекші ауданында қар тазалау бес бағыт бойынша жүргізіледі. Жалпы ұзындығы 221,6 шақырымдық 83 магистральдық көшені тазарту үшін 38 арнайы техника тартылмақ. Тұран ауданында жұмыс алты бағыт бойынша ұйымдастырылады. Жалпы ұзындығы 203,3 шақырымдық 111 магистральдық көшені тазалауға 36 арнайы техника тарту жоспарланған. Ал Қаратау ауданында ұзындығы 181,1 шақырымды құрайтын 83 көшені тазалау бес бағытта жүргізіліп, 39 арнайы техника жұмылдырылады. Сонымен қатар, қыс мезгілінде қарды шығару орындары аудан әкімдіктерімен келісіліп, арнайы бос жер телімдері белгіленеді. Жол мен тротуарлардың тайғақ болмауын қамтамасыз ету мақсатында коммуналдық қызметтер инертті материалдардың қомақты қорын әзірледі. Атап айтқанда, шамамен 24 800 текше метр құм және 13 200 тонна тұз дайындалды. Биыл инертті материалдар мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында қосымша келісімшарт негізінде сатып алынды», – деп хабарлады Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
«Сақтанғанды сақтайды» демекші, қыс мезгіліне сақадай сай дайындықпен отырмасақ, кез келген уақытта күн бұзылып, қар төпеп тастауы мүмкін. Сондай жағдайда жолаушылар жұмыстарына жете алмай, көктайғақта құлап, мертігіп, көлік біткен тайғанақтап, қала көшелері кептелістен көз ашпай, ел әбігерге түсуі әбден мүмкін. Шымкент әкімдігі жасап отырған дайындық осы олқылықтың алдын алмақ.