Қарақұл батыр (дастан)

Қарақұл батыр (дастан)

16 жасында соғысқан жас ұлан

 

Көкейде жүрген әрдайым,

Тарихты көне қозғайын.

Қарақұл батыр жайында

Айтайын біраз сөз жайын.

 

Қарақұл ерен зор еді,

Қазақтан шыққан ер еді.

Жою үшін қалмақты

Атойлап атқа мінеді.

 

Татан еді әкесі,

Жетіп туған жетесі.

Ол да батыр атанған,

Майлыбастың тетесі.

 

Қарақұлдың ағасы

Өмірқұл еді жағасы.

Азаттықтың жолында

Құрбан болған сау басы.

 

Қарақұл жетім өседі,

Қиындық бастан кешеді.

Әпкесі Қарашаш оған

Өскенше  жәрдемдеседі.

 

Он төртке жасы толғанда,

Оң-солын білер болғанда,

Әке еншісін сұрайды.

Маңайын көріп шолғанда.

 

Ес біліп, ер жетеді,

Небір ойға кетеді.

Соғыс өнерін меңгеріп,

Машықтануға өтеді.

 

Ажыратып дос, дұшпанды,

Іштей де болса сұстанды.

«Кім жақын, кім алыс?» деп,

Зерделеумен күш салды.

Сейітқазы бидің көршісі,

Қарақұл жасы ең кіші.

Тәлім-тәрбие көп алды,

Биі ақылды, кең кісі.

 

Қарақұл көп үйренді,

Жамандардан жиренді.

Ата-ана қадір-қасиетін

Білетұғын күйге енді.

 

Зерек еді өзі де,

От ойнайтын  көзінде.

Салиқа, салмақ болатын

Әрбір айтқан сөзінде.

 

Атағы тарай бастайды,

Жақсыны ел қостайды.

Ел аузына ілініп,

Балалықты тастайды.

 

 Еңбекқор еді жасынан,

Қиындық өткізіп басынан.

Беделді еді еліне,

Өрге домалаған тасынан.

 

Қарақұлдың туысы,

Сарқұл есімді бұл кісі,

Жақын ағайын еді,

Ағасы-тын дұрысы.

 

Қартайып Сарқұл ауырып,

Жазыла алмай сауығып.

Төсек тартып жатады,

Көңілі түсіп жабығып.

 

Сейітқазы би толғанып,

Бастап істі қолға алып.

Қарақұлды ілестіріп,

Хал сұрады жол оңғарып.

 

 

Майлыбас қаза тапқанда,

Сарқұл бекер жатқан ба?!

Әмеңгерлік жолымен

Таңсұлуды түсірді «қақпанға».

 

Таңсұлу Майлыбас әйелі,

Өзі көркем әдемі.

Ақылына көркі сай,

Ер қызығар жан еді.

 

Әмеңгерлікті ұнатпай,

Махаббат туын құлатпай,

Жүргенін Қарақұл қалады,

Жесірлерді жылатпай.

 

 

«Қанды қалпақ кисе де,

Қиыспайды туысқан.

Бұрынғыдай болмайды-ау,

Көңіл қалып туыстан.»

 

Деп Қарақұл жырлаған,

Реніштен тынбаған.

Осы шумақ арқылы

Көп нәрсені ымдаған.

 

Сарқұл қайтыс боларда,

Таңсұлуды  аларда,

Қарақұл хабар таратты,

Жар болып мәңгі қаларда.

 

«Таңсұлу жеңгем егерде,

Қайтеді көз жас төгерде?

Бет жыртып, шаш жұлмаса,

Мені онда сенер де!!!»

 

«Әйелдікке аламын,

Құтты болып қадамым.

Қамын жеймін өзінің,

Өрімдей болған баланың!»

 

Татар дәм-тұз таусылып,

Арадағы «дау» тынып,

Сарқұл қайтыс болады,

 Қорылдап жатып, алқынып.

 

Таңсұлу сөзді естиді,

Өзеуремей ес жиды.

Қатты налып жыламай,

Дауыс, үнін тез тыйды.

 

Мәмбетті ойлап тосылды,

Қарақұлға қосылды.

«Алла құп көре ме?!» деп,

Ойлады іштей осымды.

 

Сарқұлдан Мәмбет қалады,

Ол жалғыз ұл болады.

Таңсұлу еді шешесі,

Қарақұл бала етіп алады.

 

Қарақұл он алты жасынан

Өткізді соғысты басынан.

Қалмақ басқыншыларын

Қуды ел-жұрт қосынан.

 

Шыңдала берді соғысып,

Күш-қайраты толысып.

Бастап кеткен еді ол

Туған елге болысып.

 

Қылышпен шауып жауларын,

Атой салады жауға мың.

Қашқанға жебе қадады,

Қалдырмай ешбір сауларын.

 

Қылышты сұқты ішіне,

Келтірмей жауды күшіне.

Қозғалысы тез еді,

Көз ілеспейтін ісіне!

 

Он жеті ұлы да жауға аттанды

 

Әр жерге найза қадалып,

Жан берісіп, жан алып.

Қалмақпен болды қан майдан,

Қылыштан қайқы қан ағып.

 

Созылып соғыс болады,

Жетпеген еді соңы әлі.

Тәжірибе жинақтап,

Қарақұл болып толады!

 

Отанын қорғап жүргенде,

Ұрпақ өсіруді түйгенде.

Тоғыз әйел алыпты,

Жақсы көріп сүйгенде!

 

 

Тоғыз әйел өмірлі,

Ынтымақта сүрді өмірді.

Ұлдарды туып берді олар,

Қорғайтын жаудан өңірді.

 

Болды адам ауқатты,

Кеңдігін ол байқатты.

Тоғыз әйел отыз ұл

Сыйлап баршасын сау тапты.

 

Ержетті ұлдар ақырын,

Оң-солын танып жақынын.

Қарақұл оларға үйретті

Отан қорғауда ақылын.

 

Жоңғар шапқан кезінде,

Отырықшылдық кезің бе?!

Босты қазақ Жетісудан,

Бас сауғалар  сезімде.

 

Шымкент, Ташкент барады,

Бытырады, тарады.

Жерсінгені үйреніп,

Сонда тұрып қалады.

 

Отыз жыл Шымкент жағында,

Қайсар батыр шағында,

Шайқасты ата жаумен ол,

Көбейген самай ағында.

 

Қалқанға сойыл тигенде,

Жаны әбден күйгенде,

Айбаттанып кетеді,

Бар күшін жиып түйгенде.

 

Қарамай ғұмыр жасына,

Он жеті ұлын қасына

Алып соғысқа аттанды,

Қаhарланып тасына!

 

«Бөген шайқасы» болады,

Жасақ атқа қонады.

Адам шығыны көп болып,

Дала қанға толады.

 

Қоңырбөріктер жасағы,

Әр атаны қосады.

«Өтей!», «Өтей!», «Өтейлеп!» 

Ары-бері жосады.

 

Екі күн өтіп кеткенде,

Зорыққан күндер жеткенде,

«Қоршаудасыңдар» дейді,

Баршасы қанға бөккенде.

 

«Беріліңдер» деп қалмақтар,

Елші жіберді сөз салмақтар.

Оған жасақ көнсін бе?!

Бұзылды, қоршау, жан-жақтар.

 

Іске асқанда ептері,

Талқандалды шептері.

Қарақұл, Ердес, Шотанның,

Қайнауда еді кектері.

 

Жау легін талқандап,

Атпен сүйреп арқандап.

Жауын шапты қылышпен,

Жан сауғалаған жалпаңдап…

 

Ұрымтал сәтте бұзады,

Быт-шыты шығып тұзағы.

Құтылып үшеу кетеді,

Жүректе қалып сыз әлі.

 

Дұшпанмен жүрген алысып,

Қылыштасып шабысып.

Он жеті ұлы Қарақұлдың

Шейіт ажалмен табысып.

 

 

Он жеті ұлдың түбіне

Қас дұшпан қалмақ жетеді.

Қарақұл батыр қан жылап,

Зығырданы қайнап кетеді.

 

Оққағар еді ұлдары,

Олар да мәңгі тұрмады,

Қолдап-қоршап жүретін,

Түгел болып тұрманы.

 

Арыстанша атылып,

Найзасын сұғып батырып.

Жауды жеңіп жүретін,

Айпап-жайпап, жапырып.

 

Кінәлі еді заманы,

Жоқ болып ешбір амалы.

Ажал айдап соғысты,

Болып сол күн қаралы.

 

 

Аңырақай шайқасы, 

Қазақ-Жоңғар айқасы.

Азаттықтың жолында,

Көп күрес болған байқашы!

 

Тарихта жатқан сан із бар

 

Қарақұл батыр ұрпағы,

Сәлмен де жауды құртады.

Өшпес ерлік көрсетті,

Қалың емес мұрты әлі.

 

«Өтейлеп!» ұран салады,

Жау үрейін алады.

Айбынынан Сәлменнің

Жоңғар шошып қалады.

 

Турап, шауып тастайды,

Өзі ешбір саспайды,

Төртеуі жабылса да,

Сәлменнен ешкім аспайды.

 

Асырып тастап Ошақты,

Ысты, Дулат босапты.

Шапырашты ол да бар,

Белдікті белден босатты.

 

Соғыстан қажып-қартайып,

Дегенмен көңіл марқайып.

Елдеріне қайтады,

Тірісі ерде шалқайып.

 

Албандар жеке жасақты

Әзірлеп қайта жасапты.

Қарадала, Текесті

Жауыз жаудан босатты.

 

Онда да шайқас жүргізді,

Білекті қайта түргізді.

Қарақұлдың кім екенін

Жасағымен білгізді.

 

Тарихта жатқан сан із бар,

Мынадай бір аңыз бар:

Райымбек батыр Іледен

Өтуінде маңыз бар.

 

 

«Қақ айырылып Іле өзені,

«Жол берген» деген сөз еді.

Сәті ұрыстың қалмақпен,

Өтіп жатқан кезі еді.

 

 

Бірде Албан жасағы

Ұрыс даласынан босады.

Іле өзені жағасына

Тыныстап ұйқыға басады.

 

Көз шырымын алады,

Ұйқы қанып тарады.

Сәл ғана дем алғанда

Жауы келіп қалады.

 

 

Шегінуге болмайды,

Артта жауы сол қайғы.

Алға жылжиын десе,

Іле тасуда, – оңбайды.

 

Райымбек әдіс табады,

Қос бума қамыс шабады.

Тұлпардың екі жағына

Арқанмен байлап тағады.

 

Ілеге сөйтіп түседі,

Жөнді, ақылды іс еді.

Осы әдіспен әскерді

Алып өткен тұсы еді.

 

Қалмақтарды қаштырып,

Есін шығарып састырып.

Жерден қуып, таратуда

Батырлар болды басты нық.

 

Райымбек, Қарақұл,

Бұларсыз болған дала тұл.

Малай, Сатай, Қаташолақ,

Емес батырлар ғана бұл.

 

Бөден, Қататөлек, Ердеспен,

Шотан «жасады» жерді бос, кең,

Дұшпанды қуды ентелей,

Інге тықты жауды қас, ең!  

 

Бұғыты тауы ішінде,

Шаршаңқы болған пішінде.

Албан жасағы келеді,

Әлсіздік білініп күшінде.

 

Райымбек батыр ойланып,

Келе жатқанда ой бағып.

Бір дымқыл жерді байқап,

Көзбен көріп қойды анық.

 

Найзасын шаншып қадады,

Бұлақтан су атады.

Жасақ түгел біртіндеп

Шөлдерін басып жатады.

 

Райымбектің найзасын

Жұлады күші сай басым.

Қарақұл батыр суырған,

Көріп күш-қуат пайдасын.

 

Тарихта бұл белгілі,

Айтады түгел ел мұны.

Ауыздан-ауызға көшіп,

Артқан сондай ер құны.

 

Албан жасағы осылай,

Қуат алды тосылмай.

Бұлақ суы әл берді,

Болды осындай тосын жай.

 

Тарихтың бұл бір дерегі,

Жойқын соққы береді.

Ата-жау – қалмақ, жоңғарға

Осы еді ең керегі!

 

 

Райымбек батыр басқарған,

Туды ұстау – басты арман.

«Қарақұл батыр лайық» деп,

Қалың әскермен қосталған.

 

Дау-дамай туып таласып,

Бір-бірімен санасып,

Ту ұстауға ұмтылған,

Күшке қарата қарасып.

 

Сонда Түкеұлы Райымбек

Айтқан екен былай деп:

«Отыз ұл тәрбиелеп өсірген

Қарақұл бұған лайық!»  деп.

 

«Отыз ұлды ұрысқа

Қатыстырды, дұрыс па?!

Ұлтты азат етті олар,

Жүрмеді ешбір тыныш та!»

 

«Белсене соғысқа қатысқан,

 Жоқ қылған жауды атысқан.

Қарақұл батыр ту көтереді,

Жайратқан жауды аңдысқан!»

 

Қарақұл батыр сексеннің

Сеңгіріне жеткен күн.

Қарттыққа да жақындап,

«Көпірінен» өткен күн.

 

Тоқсанға таяп қалған соң,

Үлкен жасқа барған соң,

Туды тапсырып берді ол,

Дірілдеп қолы талған соң.

 

Досанұлы Әлібек,

Дұрыс еді халі бек.

Немересі Қарақұлдың,

Жас еді қуат, әлі көп.

 

Қабылдады ол көтеріп,

Туды алып қолдан төте нық.

Жоғары биік көтерді,

Артқан сенім өтеліп.

 

Қарақұл он алты жасынан

Өткізді соғыс басынан.

Сексен жасына дейін

Қару тастамады қасынан.

 

Өшпес ерлік жасады,

Қасында болып жасағы.

Көзсіз батырлығымен

Аты мысыңды басады.

 

Өсіп, өркендеп ұрпағы,

Көбейді, көбейіп тұр тағы.

Тәубе, шүкір Аллаға,

Бейбіт атып тұр таңы!

 (Құдайберген Жылқыбайұлы,  Мазақ Сапақұлының 1999 жылы  шыққан «Қарақұл батыр»  кітабының негізінде жазылды)

 

Амангелді САРБАСОВ, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Алматы облысы
23.01.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 19
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 28
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 8
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 13
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 17
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 15
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 30
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 28
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 251
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 246
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 870

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8944
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8336
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11564
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9322
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10548