Қариялар ойын алаңының тазалығын қарайды

Қариялар ойын алаңының тазалығын қарайды

Ақтөбе қаласы іргесіндегі Тұран (Жаңақоныс-4) тұрғын алабына 2023 жылы  «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында балалардың ойын алаңы, спорт алаңы және футбол алаңы қатар салынды. Үш жыл өтсе де әлі күнге алаңдар тап-таза, әр мүлкі өз орнында бұзылмаған, сынбаған. 

Себебі, сәл бұзылған тетігін көрсе, осы жерге жақын тұратын екі зейнеткер Жәния Ерниязова мен Жақсан Әбденов жөндеп қояды. Күн сайын балалар ойнап болған соң, Жәния апай алаңдарды сыпырып тазалап жүреді. Жақсан ағай тренажерлар мен әткеншектерді күн сайын тексеріп, сынып қалса дәнекерлеп қояды. Көктем сайын екеулеп ішін тазартып сенбілік өткізеді. 

– Біздің елді мекен жаңадан салынып жатыр, тұрғындар саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Тұрғын алабында балалар алаңы, футбол алаңы, тренажерлар  – бәрі бар. Барлығы да Астана ауданы әкімдігінің мұрындық болуымен салынды. Енді сол жердің таза, ұқыпты болуы өзімізге байланысты. Балалар ойнайтын осындай алаңдарды сындырып тастап жатқанын қала ішінде жиі көреміз. Тұрғындар әкімдік салып бергенді әрі қарай өздері күтіп ұстаулары керек.

Мысалы, біз өзіміз отбасымызбен осы алаңды тазалаймыз, жөндейміз, айналасына ағаш отырғызамыз.  Таңертеңнен кешке дейін қарап, арам шөбін жұламыз, ағаш ектік – оларды суарамыз, сынған жерлерін жөндейміз. Бұл үшін ешқандай ақша алмаймыз. Өзіміз зейнет жасындағы адамдармыз. Бірақ мұның бәрін балалар үшін, болашағымыз үшін істеп жүрміз. Балалардың риясыз күлкісін, алаңсыз ойынын көргенде, бар еңбегіміз ақталғандай болады. 

Бізде сенбілік тек екі аймен шектелмейді – көктем басталғаннан қар түскенге дейін жалғасады. Менің тек бір ғана өтінішім бар: осы жерде тұратын барлық тұрғындар да бұл орынды өз үйіндей көріп, таза ұстаса екен. Әркім осылай жанашырлық танытса, бір-бірімізге қолдау көрсетсек, бәрі одан да әдемі, таза болар еді, –  дейді зейнеткер Жәния Ерниязова. 

Айта кету керек, бір ғана Астана ауданы бойынша соңғы бес жылда «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы арқылы 200-ден астам балалардың ойын алаңдары, спорт алаңдары орнатылды. Арасында бір жылға жеткізбей элементтерін сындырып, төсеніштерін жыртып, қоршауын бұзып тастағандары да бар. Жаңақоныс-4 елді мекенінде тұрғындар үшін салып берген алаңдарды өз еріктерімен үш жылдан бері күтіп ұстап отырған қос қарияның игі ісі үлгі болуы тиіс.

 

М.ТАБЫН, Ақтөбе қаласы
29.04.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25301
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24799
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42230
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38084
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 42571