«Qarmet»-тің қарқыны жақсы

«Qarmet»-тің   қарқыны жақсы

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев кәсіби мереке қарсаңында «Qarmet» АҚ кәсіпорнында сала ардагерлері мен еңбеккерлерін құттықтады. Министр Қазақстан металлургиясының стратегиялық маңызын атап өтті. 200 мыңнан астам адам еңбек ететін бұл сала ел экономикасының 8%-дан астамын қалыптастырады. Металлургтер мен сала ардагерлері адал еңбегі мен кәсіби шеберлігі үшін «Еңбек ардагері» медалімен және III дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгілерімен, сондай-ақ Құрмет грамоталарымен марапатталды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев алдымызға өндірісті жаңғырту, бәсекеге қабілетті өнім көлемін арттыру және жаңа технологияларды енгізу бойынша нақты міндеттер қойды. Саланың одан әрі дамуы кәсіби мамандарсыз мүмкін емес. Сіздердің жанқиярлық еңбектеріңіз, жоғары жауапкершіліктеріңіз және өз мамандықтарыңызға деген адалдықтарыңыз барлық жетістіктердің негізі», – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.

Металлургия өнеркәсібі – ел экономикасы жүйесін құраушы негізгі салалардың бірі. Ол қара және түсті металлургияны, ферроқорытпа, асыл, сирек және жерде сирек кездесетін металдар өндіруді, сондай-ақ оларды терең өңдей отырып, өнім шығаруды қамтиды. Сала құрылыс, машина жасау, энергетика, көлік және қорғаныс-өнеркәсіп кешені сияқты маңызды бағыттарды негізгі материалдармен қамтамасыз етіп, экономиканың одан әрі дамуы мен әртараптандырылуына берік негіз қалайды.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі таратқан мәліметтерге қарағанда, еліміздің өңдеу өнеркәсібі өндірісі көлемінің 40%-дан астамы металлургия саласына тиесілі екен. 2026 жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 9,8%-ға өсіп, 16,2 трлн теңгеге жетті. Осылайша, бұл көрсеткіш тау-кен өндіру саласының көлемінен асып түсті. Өткен жылы да өңдеу өнеркәсібінің экономикадағы үлесі 13%-ды құраса, тау-кен өндіру саласының үлесі 11,9% болды.

Металлургия секторы шикізаттық емес экспорттың елеулі бөлігін қамтамасыз етіп қана қоймай, өнеркәсіптік әлеуеті жоғары өңірлердегі жұмыспен қамту ісінде маңызды рөл атқарып отыр. Бүгінде Қазақстанда болат, ферроқорытпа, мыс, алюминий, мырыш және басқа да өнім түрлерін шығаратын 274 кәсіпорын жұмыс істейді. Саладағы негізгі өндіріс орындары Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Ұлытау облыстарында орналасқан.

Тек өткен жылдың өзінде кәсіпорындар 19 трлн теңгенің өнімін өндірді. Өнеркәсіптік өндіріс индексі 1,2%-ға өсті, оның ішінде қара металлургия бойынша өсім 4,3%-ды құрады.

 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
23.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26759
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26188
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43581
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39363
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43984