Кешегі 1418 күнге созылған қырғын соғыстың ішіндегі от пен судың ортасынан аман-есен елге оралған,Ұлы Отан соғысының ардагері, жерлесіміз — Мамыралиев Рахымжан атамыз.
Ұлы жеңіс күні аудан әкімі Бақыт Қазанбасов, орынбасары Болат Сағынбеков, аппарат басшысы Еркін Заурбеков қарт майдангерді құттықтап қайтты.
Ел басына күн туған шақта біздің ауданның азаматтары да ел шебін қорғауға аттанып жатты.Солардың ішінде он жетіге жаңа шыққан Рахымжан атамызда болды. Ол 1942 жылғы желтоқсанның 25-і күні әскер қатарына шақырылып, алғаш Мәскеу қаласының маңындағы Мытищиде алты айлық даярлық курсында зеңбірекші мамандығын игеріп,Орал өңіріндегі Костромадағы Иваново тоқыма фабрикасының іргесіндегі 357-ші зеңбірекшілер дивизиясына қызмет етуге жіберіледі.
Міне осы сәттен Рахымжан Мамыралиевтің жауынгерлік кезеңі басталады.Алғаш Украина майданында оқ жаудырғыш-зеңбірекшілер дивизиясының командирі Иван Ильич Зоновтың қарамағында болып, көптеген соғыс алапатын басынан өткереді. Әсіресе, Польша қаласының маңындағы Лодзі қаласы үшін болған шайқаста ол ерлік көрсетеді.
1943 жылы Қиыр Шығыстың Уссурийскіде, Биробид- жанда, Приморск өлкесі мен Ворошилов қаласын, содан кейін Жапон соғысына қатысып, жаудан қорғау шараларына атсалысады.
Рахымжан Мамыралиев 1951 жылғы қараша айында елге аман-есен оралады.
Отан алдындағы борышын адал атқарған Рахымжан атамыз «Еңбек Қызыл ту», ІІ-ші дәрежелі «Отан соғысы» ордендері мен Жеңістің 40, 50, 60 жылдығы, СССР Қарулы күштеріне 70 жыл, “Соғыс ардагері”, “Еңбек ардагері” медальдарын да кеудесіне тақты. Бүгінде бес ұл-қызынан 19 немере, 4 шөбере көрген абыз ата еңбегінің зейнетін көруде.