Жол ережесін сақтау – әрбір адамның өз өміріне деген жауапкершілігі, әрі бірден-бір кепілдігі. Жолды жөндеуге болады, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңнаманы жетілдіру де уақыттың еншісіндегі іс. Алайда, жылдамдығын арттырған жүргізушілердің желігі басылмай, әр жүргінші өз жауапкершілігін жете түсінбей жағдайдың оңға басуы қиын. Оның үстіне соңғы кездері мотоцикл тізгіндегендердің көбейгенінен көшедегі жол апатының саны да ұлғайғаны жасырын емес. Әсіресе жасөспірімдердің мотоцикл құралдарына әуестігі өзекті мәселеге айналуда.
Ауданымыздың барлық елді мекендерінде мал басы өсіп, жұртшылық пайдалы іспен айналысуда. Елді мекендерде автокөліктердің қозғалысына қауіп төндіретін мүйізді ірі қаралардың бейберекет көшеде жүруіне байланысты да апатты жағдайлар жиі орын алуда. Ал темір тұлпар ішінде алыстағы ағайынмен кездесуге, қуанышты тойға атсалысуға, жазғы күндері демалысқа бара жатқан атаапалар, кішкентай бүлдіршіндер де бар. Ауданымызда осы көлік тізгіндеп, алыстан шаршап келе жатқан бауырларымыздың жолда абай болуларына, мүйізді ірі қаралармен соқтығыспауын қамтамасыз ету мақсатында арнайы сиыр мен жылқы макеттері жасалғанын білесіздер.
Бірақ ауылдастарымыз осы макетті бұзып, әрі қарай қауіпсіздік шараларын жоққа шығаруда.
Құрметті жерлестер, сіздердің қауіпсіздіктеріңіз үшін қойылған макеттерді бұзбауға шақырамын. Ол өз тарапынан жол апатының алдын алуға көп көмегін беруде.
Құзырлы органдардың алаң болатын да жөні бар. Жол қозғалысы күрделене түсті. Жол бойындағы олқылықтың алдын алу бағытындағы мұндай жағдайға байланысты жаңа талап енгізілуі мүмкін.