Қауын-қарбызы брендке айналған ақтамдықтар

Қауын-қарбызы  брендке айналған  ақтамдықтар

Қазір халық мына шыжыған ыстықта қауын-қарбызды сүйсініп жейді. Оның ішінде тәттісін, зиянсызын, шөл қандыратынын іздейді. «Ақтам қарбызы – ең тәтті қарбыз. Оны жеген де, жемеген де арманда!» деген тәмсіл аңыз болып, аудан ғана емес, облыста кеңінен тарап кеткен. Шынында да осы іссапарымызда Ақтамның қарбызынан ауыз тидік. Тіл үйірген қарбыздың тәтті дәмі таңдайымыздан кетпей қойды. Содан іздеу салып едік. «Е-е, арнайы қауын-қарбыз өсіретін Ақтам ауылы ең шеткі ауыл. Оған бару оңай емес», – деген жауап алдық. Дегенмен, «Нартәуекел!» деп Ақтам ауылына тартып кеттік. Жол бастаушы азамат та табыла кетті. Сол ауылдың мектеп директоры болып шықты. Ақжарқын азамат екен. Үш ай демалысында қауын-қарбыз егіп, ол да қосымша табыс табады екен.

– Сіз шынымен мектеп директорысыз ба? – дедік әзілдеп.

– Әрине! Мен демалысымды пайдаланып, жыл сайын осы кәсіппен айналысамын. Қауын-қарбыз еккенді жақсы көремін. Дулайты ауылындағы мектепте 130 шәкіртім бар. 45 мұғалім істейді. Қауын-қарбыз еккеніме 7-8 жыл болды. 1,5 га жерім бар.

– Ақтам қарбызының даңқы жер жарып тұр. Оны өткізу де оңай болар.

– Иә, халық біздің ауылдың қауын-қарбызын іздеп жүріп сатып алады. Былтыр мынадай жағдай болды. 9 газель машинамен Шонжының базарына бардым. «Ақтамның қарбызы!» деп дабылдатып кірдім. Бүкіл базардағы адамдар маған лап қойды. Бір аптада солай 18 т қауын-қарбыз өткізіп, олжаға кенелдім. Байқағаным, мұндай кезде бір газель өткізе алмағандарды да көрдім. Яғни бұл – халық сапалы өнімдерді жақсы көреді деген сөз, – деп жолай Аршалым Давлетов әңгіме шертті.

Шынында да қауын-қарбыз плантациясы жырақта болып шықты. Күре жолдың бойында сатып отырғандарды да көрдік. Солардың ішінен Камиль Зикрохунов деген азаматпен келіншегі Ширин Рустамовамен жолықтырдық. Осы кәсіппен айналысқандарына 2 жыл болыпты. 3 га жері бар. Табыстары жаман емес.

Көп ұзамай еңселі үйге келіп маңдай тіредік. Біз машинадан түскенше 4-5 жігіт үйден шығып, бізге сәлем берді. Бәрі де қауын-қарбыз егіп жатқан диқандар.

Ішке кірдік. Аршалым: «Мына кісі осындағы бәріміздің ұстазымыз», – деп дембелше бойлы, денесі тығыршықтай жігіт ағасымен таныстырды.

Ішке кірдік. Шөлден шөлдеп кірген бізге теңкиген дәу қауын-қарбызды қарс-қарс айырып, бәрі де балдай тәтті, сойды да тастады. Шөліміз қанды. Тойғанымызша жедік. Рақметімізді айтып, әңгімеге кірістік. Әзілкеш, көңілді топ қонақжайлылығымен бізді өз құшағына тартты. Олардың ұстазы Серік Ақжолтаевтың байсалды, салиқалы әңгімесімен өзіне елді қарататын қасиеті бар екенін біз бірден аңғардық.

– Иә, алғашқылардың бірі болып келгеннен соң және жасымды сыйлап, «ұстаз, аға» деп мына азаматтар мені сыйлайды. Әйтпесе осы отырғандардың бәрі «сен тұр, мен атайын» деген кілең бастықтар. Бірақ мына жерде мен бастықпын! – деген ол айналасындағыларды бір күлдіріп алды.

– Ақтам ауылы бұрын ішінара қарбыз екпесе, мұндай кәсіппен тұрақты айналыспаған. Бұған мұрындық болған Қонаев атамыз. Бір сапармен осында келіп, қауын-қарбыздың дәмін татады. Жеп болған соң: «Мына қауын-қарбызды көбірек егу керек. Мұны неге көбейтпей отырсыңдар?» – деп төтесінен мәселе қояды. Кейін ол қамқорлық жасап, бір дорба қарбыздың дәнін беріп жібереді. Басшының сөзі заң, ел қауын-қарбыз еге бастайды. 50 га жер бөлінеді. Осында скважина құдықтар бар. Су деген төгіліп тұр. Мен ұмытпасам, Ақтамның даңқы 1976-77 жылдары республикаға тарай бастады. Қазір айтып жүргендей брендке айналды. Алғашқы диқандардың қатарында Қыдырбаев Әбдірейді атауға болады.

– Осы күнге дейін ол дәстүр үзілмей келеді ме?

– Жоқ, тәуелсіздік алғаннан кейін қауын-қарбыз егу тоқырай бастады. Себебі электрмен істейтін скважина-құдықтар тоқтайды. Жай құдықтарға насос жоқ. Тек 2005 жылдан бастап бұл жұмыс жандана бастады. 2 жылдан аса көп өнім болмады. Үшінші жылы 70 т қарбыз бердік. Күре жолдың бойында оларды саттық. Жұрт бұл жұмысқа ден қойып, қауын-қарбыз еге бастады. Ең бастысы, Аршалым сияқты жаңашыл жастар келіп, қарбыздың тұқымын жақсарттық. Мәселен, мына қарбыздың сырты қауын сияқты сап-сары. Ал ішін қарасаң, қып-қызыл. Осындай түрлі тұқымдар арқылы қарбызымыздың сапасы күшейіп келеді.

– Пайда болған соң егіп жатырсыздар ғой. Енді су мәселесі жөнделді ме?

– Әлбетте, пайда болған соң ғой осы диқандық кәсіпке елдің бет бұрғаны. Миллиондап табыс тауып жатыр. Ауылдың былтырғы пайдасы 100 млн-нан асты деуге болады. Алайда әлі де су мәселесі шешілмей тұр. Егер құдықтарды жөндеп, құбырларды тазартса, бұдан да көп пайдаға кенелер едік. Бізге су мамандары ауадай қажет.

– Қазір мұнда қанша диқан жұмыс істейді?

– 20-дан аса отбасы істейді. Әйел, бала-шағамызбен еңбек етеміз. Әсіресе балаларды еңбекпен тәрбиелеудің нағыз тамаша ортасы осы жер деп білемін.

– Мемлекет тарапынан көмек бар ма?

– Ең басты көмек – бізге ешкім кедергі жасамайды. Өзі ағып тұрған 8 бірдей құдықты тегін пайдаланып жатырмыз. Бұдан артық қандай көмек қажет? Субсидия, несие алмаймыз. Әкіміміз Айдар деген жігіт әрқашан жағдайымызды сұрап отырады.

Байбосын Омаров  (ең ірі қарбыздар өсірген диқан), Оңласын Хабаев, Ердос Алденгожаев  (ең жас диқан), Арманжан Босақов, Оркаш Розиев,  Расул Анаятов, Пархат Дуганов, Галипжан Зайитов,  Сайдалим Қадиров,  Рауан Қарақойшиев,  Адилжан Итахунов,  Еділ Толегенов,  Джумагали Сибанбеков, Ришат Бурхандинов, Шухрат Турғанов, Аршалим Давлетов, Серік Ақжолтаев, Тимур Маямеров деген диқандар да ризашылығын білдіріп жатты. Негізі, диқандардың еңбектерін жандандыруға мемлекет тарапынан көмек керек. Әсіресе жаңа құдық қазуға, ескілерін жөндеуге министрлік көмектессе, ел ризығы өсіп-өркендеп, әлеуметтік жағынан жағдайлары жақсара түсетіні сөзсіз.

Қауындықтарды араладық. Қауын-қарбыздар теңкиіп-теңкиіп жатыр. Арықтарды пленкамен жабады екен. Оның суды үнемдеуге әсері бар, ылғалды сақтап тұрады. Бірнеше арыққа жүгеріні қабаттастырып егіпті. Оның да өзіндік пайдасы тиеді екен. Енді жаңашыл диқандар тамшылатып суаруды қолға алмақшы. Оның пайдасы шашетектен екен.

Біз жүздерін күн сүйген диқандармен қимай қоштастық. «Еңбектеріңіз жанып, табыстан табысқа жете беріңіздер!» деп тілегімізді айтып, батамызды бердік.

Ертай Айғалиұлы, 

Асым СУЛАЙМАНОВ,

Алматы облысы, Ұйғыр ауданы

 

23.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27107
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26593
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43917
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39701
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44259