Қазақ деген – құдайдың қара өлеңі

Қазақ деген – құдайдың қара өлеңі

ТҰМАН

(М.Тұрсынбаевқа)

Тағдырдың мініп алып кемесіне,

Әрненің үңілеміз елесіне.

Достым-ау, түсінбеймін не екенін,

Түсесің тұман тұнса сен есіме!

Қиын да қызық еді ғұмыр неткен?

Санап та үлгермейсің күніңді өткен.

Кештерің күннен-күнге кемиді екен –

Дүрмекке-дүрмек қосып дүбірлеткен.

Жаңалық жеткізсе де айдан адам,

Айнаға қарап ойы тайғанаған…

Ежелден шешілмеген сол сұрақтар,

Мен кіммін?.. Қайдан келдім?.. 

Қайда барам?..

Не тылсым?

Мұны бір жан біле алмайды,

Бәлденіп дүние болса, бұлаңдайды.

Бір-бірін шын сүйіп қосылғандар да

Бірінің-бірі жанын ұға алмайды.

Әуелі, жоқты қуып қиналамыз,

Соңыра жалғандыққа иланамыз.

Тентіреп, туыспен де ортамыздан 

біреу қайтқанда ғана жиналамыз…

Сезесің өзің солай өтеріңді,

Қайғы мен жасқа көміп етегіңді…

Сұм жалған неше мәрте дәлелдемек,

Жалаңаш кеп, жалаңаш кетеріңді.

Білмейміз, «ертең» дейтін күнің қандай?

Мазмұнын мына өмірдің мұң ұрғандай... 

Баяғы өзгермейтін бір қағида,

Қашан да асығамыз жын ұрғандай.

Көңілді шын көтеріп, шын күлмейміз.

Сырт көзге мұңымызды білдірмейміз.

Еске алып шалыс басқан қадамды іштей

Өзіміз-өзімізді тілгілейміз…

Сөйткенде, бар жұмбақтың бір күні, шіркін,

Тауып ап той қылса ғой жұртым кілтін.

«Бәрі алда, бұл – тәтті түс…» 

деп шықпасын,

Бір білгіш қан түкіріп… мүмкін!

 

Мүмкін,

шындық пен махаббаттың моласына,

Дұға оқу жаратқанның жобасы ма?..

Әу баста білсе ешкім түспес еді,

Тірліктің азап толы додасына!

Ол рас, ойсыз болсаң терлемейсің,

Сәуегей боп кетсең де өрлемейсің.

Тамырың терең тартқан текті едің ғой,

Мұхтар-ау, сен не дейсің?!

Сен не дейсің?!

 

ҚАЗАҚ ДЕГЕН – ҚҰДАЙДЫҢ ҚАРА ӨЛЕҢІ

(Ағылшынға қазақты таныстыру)

Қазақ деген бір ел бар білесің бе?

Хақтан жеткен қалсын бір жыр есіңде!

Сенбейсің бе, білмеймін сенесің бе,

Жылайсың ба, білмеймін күлесің бе?..

Күлетінің – сенбейсің ғажабына,

Жылайтының – сенесің азабына.

Жету үшін жүректің жұмағына

Шыдап берген жүйкенің тозағына!..

Ойланбай-ақ елі үшін отқа кірген,

Бабаларым Күн заңын жатқа білген.

Қара жаяу жүргенде басқалары,

Алтын сауыт киініп атқа мінген!

Барсакелмес оралған сапардан жүз,

Екі өмірді тең көрген қатарданбыз…

Тәуелсіздік – қазақтың алтын тәжі,

Мәңгіліктің жолында ат-арбамыз.

Даламызда шалқиды ар әуені,

Баламызда арманның Қарагері,

Көкірегі үндескен табиғатпен,

Қазақ деген – Құдайдың қара өлеңі!

 

АУЫЛЫМ-АУ!..

(Үржарға)

Іздеп Асан аңсаған кереметті,

Ауылымнан адамдар неге кетті?!

Мен де досым екенін байқамаппын

Гүлге өлең оқыған көбелекті...

Арманым ғой алысқа аттандырған,

Ата-анамды сағынам шаттандырған.

Жиі ойлаймын жазира даламды да,

Ит жүгіртіп, құс салған, қақпан құрған.

Тауларымды түсімде көп көремін,

Әлі есімде тұлпарды ерттегенім.

Эвересттің еркесі болатындай,

Ажалсыз бір жыр жазсам деп келемін...

Ауылым-ау, «сен» десе, сезім дара,

Мөлдірлігің бейне бір көзім қара.

Қазір ана-а-а-ау Ай жақын сияқты ғой,

Бірақ жүрек ішінде өзің ғана.

Ауырлығын азаптың көтерсе адам,

Арманына жан бітер от аңсаған.

Ақсақалы атанып Алты алаштың,

Бала болып...

Қайтадан жетем саған!

 

МЕН ӨЗІҢМЕН...

Бұлақ көзін ашқызғысы келеді,

Асау толқын тас бұзғысы келеді.

Ақтарылып ақ жаңбырмен селдеткен,

Аспан мауқын басқызғысы келеді.

Ерке Ертіс сəл тасқысы келеді.

(Бəле етекке жармасқысы келеді.)

Ақын жаны табиғаттың сиқырлы,

Сыр-пернесін дəл басқысы келеді.

Біреу тəтті қиялына ереді,

Біреу əн-күй тыңдағысы келеді.

Бауырына келіп кеткен əр жанға,

Барқытбел қол бұлғағысы келеді...

Жұлдыздарын түн жаққысы келеді,

Ғашық жүрек үн қатқысы келеді.

Өз əуенін таңырқатып бұлбұлға,

Қара торғай тыңдатқысы келеді...

Бақ

Беймəлім кімге көңіл бөледі,

Көбелекке гүлге қону –  керегі.

Байрақ биік желбіреуді көздейді,

Мен өзіңмен бірге болғым келеді.

Бəрін тастап кетейікші бір жаққа!..

 

ӨМІР ЖАЙЛЫ

Өмір жайлы білгенім:

Бірде шаттық, бірде мұң.

Туыс-досым қасымда,

Аман-есен жүргенім.

Өмір жайлы білгенім:

Құстай ұшқан күндерім.

Ай мен күндей екен ғой,

Жылағаным, күлгенім...

Өмір жайлы білгенім:

Арманыммен біргемін.

Көңіл, нəзік гүл ме едің,

Үміт, неткен нұрлы едің?!

Өмір жайлы білгенім:

Ештеңені білмеуім.

Кетеміз-ау бір күні

Келтіре алмай күрмеуін!..

 

О, ТУҒАН ЖЕР!

(Үржарға)

Өлең жазсам отырып ойды ақтарып,

Ауыл қонар параққа жайлап барып.

Балалығым Барқытбел бауырында,

Мені күтіп жүр ме екен ойнақ салып?!

О, туған жер, ыстық еді өңің  неткен,

Таба алмаспын жаhаннан сені көктен.

Куәгері бал шақтың тағы өзіңсің,

Алғаш қызға ғашық қып тебіренткен!

Қазір у-ду қайырымсыз қаладамын,

Сені жырақ кеткен соң бағаладым.

Таза ауаңа бір жұтым зар боп жүріп,

Талабымның тұлпарын тағаладым.

Үржар, сені сағынды жан шынында,

Таң шығын да сүйемін, балшығын да.

Өзегіңді шапқылап бір өтейін,

Жүрегімді сарқылмас малшы нұрға!

 

ӨМІР ЗАҢЫ

Өмір заңын, білмеймін, меңгердім бе?

Ғұмыр кешіп келемін елмен бірге.

Аяғымды сабырмен әрең алып.

«Тәубе!» – деймін, әйтеуір, көрген күнге.

Туыс-досым қасымда бүтін, аман.

Келер күнді бір күліп күтіп алам...

Тырнақшаның ішінде бәрі жақсы,

Көңілімді қайтейін шытынаған?

Жан біткенді дос санап тең көрдім де,

Бағытымнан ажырап сенделдім де,

Үмітімнің нұрымен емделдім де,

Жай-күйлерің солай-ау сендердің де.

Мейіріммен мәңгілік таң қарайды,

Еңбек, сенім  ететін жанды арайлы.

«Арман-арман...» – десек те, –  «алдамайды»,

Пенде өзінің тағдырын таңдамайды.

Болашағым басымда жобаланып,

Алтын күндей жайнайды домаланып.

Қиялыма түйреуіш тағып қойдым,

Бір бақыттың, бұйыртса, болары анық!

 

ШЕКСІЗ МҰҢНЫҢ...

Асыл жанның долыға қор болары,

Ақылсыз ерден елдің сорлағаны,

Тәрбиесі бір қыздың жолда қалып,

Ар-намысын ақша үшін қорлағаны,

Күншілдердің сыртыңнан даттайтыны,

Кей сәбиді жетімдік қақтайтыны,

Ата-анасын балалары жан айдыны,

Мәңгі қарттар үйіне қамайтыны,

Тағы бір жан сәуледен қағылғаны –

Абақтыға жазықсыз жабылғаны,

Еңбекқордың шашылып жиылғаны,

Мұратына сәл жетпей қиылғаны... 

Мәстектердің бәйге алдын бермейтіні,

Ол көктемнің қайтадан келмейтіні...

Әділеттің жатырда өлетіні,

Ақиқатты жалғандық көметіні,

Мейірімді, сүюді, сағынуды,

Жоғалтқан жұрт – жұтқаны зарын улы... 

Көрген түстей өмірдің өтетіні,

Шексіз мұңның түбіңе жететіні!..

Өкінішті!

Өкінішті!

Өкінішті!

 

АЙҒАҚ

Сен махаббатқа сенесің,

Мен де, алтыным, елесім!..

Жағалау болып тартайын,

Жаныңның аппақ кемесін.

Cүю,  дәлелді, ол неше,

«Сағындым!» – дедің сен кеше.

Зарығып қанша жүреміз,

Отау тігейік ендеше!

Арманды бірге қуамыз,

Биікке бірге шығамыз.

Махаббат бар екеніне

Екеуміз ғана куәміз!

ӨЗІҢЕ БАРАР ЖОЛ...

Өң менен түсім таласар.

Ал, саған жұмақ жарасар.

Қызметші жының болайын –

Тілегіңді айтшы, қаласаң...

Қарсы бол қанша, қолдама,

Сүйемін сені сонда да!

Мен үшін нұрлы мына әлем –

Өзіңе барар жол ғана...

 

ХАТ

Ренжіттім...

Құрып кетсін батылым!

Назаландың, батар күндей ақырын...

Қос жүректің арасында ғарыш бар,

Қарыс жердің арасы – мың шақырым.

Келешектің көк нұр бояп жолағын,

Ми ішінде сырқырайды мол ағын...

Махаббаттың өзін ұқпай жүрсем де,

Машақатын түсінгендей боламын.

Қатесін кеш мендей ымырт кісінің,

Бақ самғауы – бір-ақ сәттік ұшырым.

Күңгірт үміт хатын жаздым өзіңе,

Қиялымнан сорғалатып құс үнін...

Әтіріңнен арман иісі аңқи ма?

Жақындасам, жүрек-демің шарпиды-ау!..

Сен жымисаң – көңілім қобыз тартады.

Сен мұңайсаң: тән – садақа, жан –  пида!

Күн көзінен естілгенде ақ сұр үн,

Біз кездейсоқ кезіккенбіз...

Жақсы ырым?..

Сені ойласам,

жүрегінен даңғыра 

соққылайтын бақсымын...

 

АЩЫ БАЛ

Ағытсам сырдың тиегін,

Ай мен күннен де киелім.

Дамылсыз айтам жар салып,

Сүйемін сені, сүйемін!

Толқытқан сырлы шердейсің,

Келтірмейсің, не келмейсің!

Ғашықтығымды ғаламат

Көзімнен неге көрмейсің?!

Алтыныңмын-ау қолдағы,

Күй кештім құстай тордағы.

Тар маңдайына дүниенің

Сыймай кетпесем болғаны...

Мүмкін,

ақ бұлтқа айналам –

Көз тігетіндей айналам?!

Мөлт етіп көктен тамбай-ақ –

Кірпігіңе кеп байланам...

 

ҚАЗАҚ

Түнгі әуеде қалықтаған ой болып,

Бір мезетте көкбөріге айналып...

Періштенің күлкісіндей сезім боп,

Ақ арманын мың айнала безілдеп...

Жанарынан жасын атқан ібіліс,

Кейде өзін-өзі шалған кідіріс.

Құс жолының жиегінде дірдектеп,

Бейне тұнған шұғылалы бір көктем.

Бірде дана, дұшпан көрген тағдырын,

Бірде бала, дос санаған барлығын.

Және қозғалғанға қамқор үй болып,

Сай-сүйекті сырқыратқан күй болып.

...Өзін-өзі іздеп таппай жоғалған,

Жылуы мен мейірімі тоналған.

Топырағы тозған дала сыңайлы,

Айнадағы бейнесіне жылайды.

Сосын оның сомдауы ауыр күрсініс,

Қайта қуат тұндыратын құлшыныс.

Азабы мен қасіретін өрнектеп,

Үмітінің елесімен тербете...

Мақтануды шығарыпты ұялмай,

Құдаймен де түскі ас ішкен, қиялдай...

Кім біледі, дұрыс шығар мұнысы,

Ақыл айтқыш, дым білместер, құрысын!

 

МЕТЕОР

(Қара өлең пайғамбарына)

Қысқа жазылған екі-үш өлеңіңді ғана жариялайын! Себебі жарнамаға орын керек! Мұның ақшасы төленген...

 ... газетінің редакторы

 

Қоржыныңда қуатты сөз көп...

Ел – таң!..

(Тырысуда, шыңыңды көздеп... Ер сан...)

Нұрлы ой – отауына еніп, шықпай,

Шөлді көлдей шырайлап, өзгерткен хан!..

Барша жау, тау жеңіліп... Күбірлескен...

Шығармайды ешқашан үніңді естен.

Бүкіл әлем бақытты шығар, сірә,

Сізді туған нысанда ғұмыр кешкен...

Бірақ айтар миллион мұң табармын-ау,

(Жыртқызғым да келмейді жағамды сау...)

...Пейілінде тербелген ақша елесі,

Мейірімге сусаған заман мынау...

Тәубәсі өлгендерге жоқ, кедергі елі...

Данышпан, нақұрыстың көрер көрі –

Құдай мен сайтаннан да шошымайтын,

Сауда мен ұрлықтың хас шеберлері...

Сіздік сөзбен кем-кетік толығар шын,

Қазақтағы жұпарлы толық арсың...

(Жарығыңыз сан ғасыр болар әлі.)

Кешіріңіз! Сізге әлі оралармын...

Сөзге орын аз...

Жарнама орын алсын!..

Ержан ЖҰМАБЕКҰЛЫ, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының иегері, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы
16.09.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 44
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 146
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 40
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 48
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 57
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 45
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 141
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 146
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 333
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 326
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 949

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9024
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8420
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11648
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9404
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10630