Қазақ тарихында есімдері алтын әріппен жазылған батырлар жетерлік. Ұлттық спорт көне ғасырлар қойнауынан бастау алып, кейін көшпенділердің өмірінің ажырамас бөлігіне айналған.
Қазақ халқы салауатты өмір салтына аса назар аударған. Бірде бір іс-шара спорттық ойындарсыз өтпеген. Уақыт өте келе олар ұмыт қалып, тіпті жойылуға жақын қалған.
Бүгінгі күнге ұлттық спорт қайта жаңғырып, халық арасында тарап келеді.
Ұлттық спорт жастарды отансүйгіштікке баулу, ерік-жігерді қалыптастыру, рухты көтеруді көздейді. Бұл игі дәстүрді жалғастыруды 19 балалар және жасөспірімдер спорт мектебі қолға алған.
Бүгін Наурыз мерекесінің қарсаңында спорт мектептері арасында Қордай аудандық мәдениет үйінде «Ұлы дала елінің ұлттық ойындары» атты асық ату, қол күресі, арқан тарту, садақпен ату, тоғызқұмалақ сынды спорт түрлерінен жарыс өтті. Жарысқа 17, 18, 19 балалар жасөспірімдер спорт мектептері қатысты.
-Күн сайын спортқа бет бұрған адамдар саны артуда, бұл қуантарлық жағдай. Бүгін біздің спортшылар ауданның ғана емес, бүкіл облыстың, елдің мақтаныштары. Жарыс қатысушыларына сәттілік тілеймін, — деп жылы лебізін білдірді іс-шараны ашқан спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Дидар Молдағалиев.
«Тәрбиелік сипатта өтіп жатқан іс-шара жастарды салт-дәстүрлерді құрметтеуді үйретуге, жастардың рухын көтеруге бағытталған. Ұлттық спортты сақтап, дамытып, дәріптеуіміз қажет», — деді сөз алған 19 БЖСМ директоры Ғалым Әлімжанов
Жарыс нәтижесі бойынша тоғызқұмалақтан I орынды- 19 БЖСМ, II орынды- 18 БЖСМ иеленді. Асық атудан I орынды- 19 БЖСМ, II орынды- 17, III орынды- 18 БЖСМ иеленді. Жамбы атудан I орынды- 19 БЖСМ, II орынды- 18, III орынды- 17 БЖСМ иеленді. Қол күрестен I орынды- 17 БЖСМ, II орынды- 18, III орынды- 19 БЖСМ иеленді.
Қордай ауданы